Ақпанның 15-і ота бөлімі медбикесі күні

Ақпанның 15-і ота бөлімі медбикесі күні
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының оталық бөлімінде 16 медбике және 3 мейіргер жұмыс істейді. Оталық бөлім – жоспарлы және шұғыл отаға қажеттінің бәрі бар, заманауи техникалық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай бөлмелерден тұрады. Дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың техникалық және кәсіби дайындығы хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, урологиялық және проктологиялық профильдер бойынша тұрақты түрде ота жасауға мүмкіндік береді. Ауруханада 9 оталық зал бар, мұнда орта есеппен күнделікті 35-40 шұғыл және жоспарлы ота жасалады. Жоспарлы ота күндізгі сағат төртке дейін, ал шұғыл оталар – тәулік бойы жүзеге асырылады.
– Отаның сәтті өтуі ота жасайтын дәрігердің біліктілігіне ғана емес, сонымен қатар медбикенің дайындығы мен біліктілігіне, оталық бөлмеге, оның дайындығына, асептика мен антисептиканың сақталуына, қажетті құралдар мен жабдықтарға байланысты. Тіпті ең тәжірибелі дәрігер оталық медбикесіз отаны жүзеге асыра алмайды. Біздің жұмысымызда ең қиыны – ұзаққа созылған оталар, десе де, мұндай оталар ең қызықты. Сәтті жасалған отадан кейін, ол қандай қиын болса да, тағы бір адамға көмектескеніңізді түсінесіз. Бұрын жасалмаған жаңа ота жасау қашанда қызықты. Оталық медбикелер хирургтармен бірге білімдерін шыңдап, біліктіліктерін үнемі арттырады. Жаңа жабдық және құралдармен жұмыс істеу қосымша талаптарды қояды. Оның үстіне біздің медбикелер жоғары медбикелік білім алып жатыр, – дейді оталық бөлім меңгерушісі Нұркен Желдібаев.
Ота бөлімінің аға медбикесі Ғалия Алмабаева медицина саласында 35 жыл, соның ішінде 32 жыл оталық бөлімде жұмыс істейді.
– Хирургияға бір келген маман одан кетуі екіталай. Оталық медбике болуды бір таңдасаң, өз таңдауынан айнымайсың. Медициналық колледжді бітіргеннен кейін бірден оталық медбике мамандығын алып шықпайсың, қажетті тәжірибе жинақтау керек, содан кейін қайта даярлаудан өту керек. Ота бөлімінде топ болып жұмыс істейді, ота жасайтын дәрігердің ойын, көңіл-күйін сезіне білу, әрбір көзқарасы мен қимылын түсіну керек. Күрделі және жоғары технологиялық оталар жүргізу медбикеден қымбат құрал-жабдықтарды меңгеруді, қауіпсіздікке жауапкершілікті, күтімді қажет етеді, бұл өте маңызды. Сондай-ақ, барлық жабдықтың біркелкі жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық дағдылар да қажет. Оның үстіне, қажет болған жағдайда ота бөлімінің медбикесі хирургке көмекші ассистент рөлін өзіне ала алады. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Біздің мамандықтың науқастарды хирургиялық емдеуде қосатын зор үлесін ұмытпаңыздар, – деп баса айтады Ғалия Алмабаева.
Оталық медбике мамандығы үлкен жауапкершілікпен байланысты, сондықтан ол эмоционалдық тұрақтылықты, сондай-ақ физикалық төзімділікті талап етеді, өйткені кейбір оталар бірнеше сағатқа созылуы мүмкін, ал медбике осы уақыт бойы тік тұрып, ота барысында белсенді болуы тиіс.
– Хирургиялық отаның барысы бүкіл бригада – хирург, анестезиолог, ассистент, оталық медбике және кіші медбикеге байланысты. Дегенмен, оталық медбикелер хирургиялық араласудың сәттілігіне кепілдік беретін қауіпсіз және қолайлы ортаны, үйлесімді атмосфераны құруда маңызды рөл атқарады. Өйткені, оталық медбике ота жасайтын дәрігерлер мен оталық бөлімнің бүкіл процесі арасындағы негізгі буын болып табылады.
– Құрметті оталық медбикелер, бұл күн, ең алдымен, сіздің жоғары кәсіби құзыреттілігіңізді білдіреді. Сіздерге барлық мақсаттарыңызға жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін, – дейді ота бөлімінің меңгерушісі Нұркен Желдібаев.
Біз де құттықтауларға қосыламыз және оталық медбикелерге күнделікті жұмысы үшін алғыс білдіріп, оталық топта үйлесімді жұмыс тілейміз!