Нормотензивті гидроцефалия – Хаким-Адамс триадасының үш симптомының болуымен сипатталатын ауру.

Нормотензивті гидроцефалия – Хаким-Адамс триадасының үш симптомының болуымен сипатталатын ауру.
Триада мидың маңдай бөлігі қызметінің бұзылуымен (атап айтқанда, жүру бұзылысы), жамбас бұзылысы және мидың қарыншалық жүйесінің кеңеюінен туындаған деменцияны біріктіреді.
Бұл ауруды анықтау қиын, өйткені гидроцефалияға тән қысымның жоғарылауы болмайды.
Әдетте, аурудың алғашқы көрінісі – бастың айналуымен бірге жүретін жүрістің бұзылуы. Келесі кезең – деменцияның дамуы, содан кейін ғана жамбас мүшелері жұмысының бұзылуы пайда болады. Жоғарыда аталған белгілер кең ауқымды аурулардың көрінісі, сондықтан диагноз қою қиындай түседі. Көбіне мұндай науқастар ұзақ уақыт бойы консервативті емдеуден өтеді, диагноз қойылғанға дейін бірқатар маманға көрінеді, содан кейін ғана мамандандырылған дәрігерге жіберіледі.
Осылайша 60 жасар науқас Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне жүрісінің бұзылуына, зәр шығарудың бұзылуына, когнитивті бұзылыстарға шағымдарымен түсті. Науқасты бұл бірнеше ай бойы мазалаған.
Науқас сырттан көмекке мұқтаж, өз бетімен жүре алмайды, құлайды, бақылаусыз диурезге байланысты несеп катетері орнатылған, уақыт пен кеңістікте бағдары бұзылған, өз жағдайына сын көзбен қарамайды, әрі онымен нәтижелі байланыс жоқ.
Яғни когнитивті қызметтің бұзылғанының белгілері бар.
Миға жасалған МРТ гидроцефалияны анықтады.
Нормотензивті гидроцефалия кезінде хирургиялық араласуға көрсеткішті анықтаудың негізгі жолы – ТАП-тест (белдік пункция арқылы ми-жұлындық сұйықтығын шығару). Науқасқа жасалған ТАП-тест оң қорытынды берді (30-40 мл-ге дейін ми-жұлындық сұйықтық шығарылды, содан кейін уақытша оң динамика байқалды).
Нәтижесінде вентрикулоперитонеальді шунттау отасын жасау туралы шешім қабылданды.
Бұл нормотензивті гидроцефалияны емдеу әдісінің бір түрі.
Ота кезінде бас сүйекке кішкене доғалы тілік жасалады және ми қарыншасына шағын түтік – вентрикулярлы катетер орнатылады. Бұл өте жұқа, көзге көрінбейтін түтік, ол бастағы кіру нүктесінен, тері астындағы май қабатында мойын мен кеуде арқылы, ми қарыншаларынан артық сұйықтық ағып кететін іш қуысына өтеді.
Катетер тері астына енгізіледі және сырттан көрінбейді.
Сұйықтықтың шығуы клапан арқылы басқарылады.
Отаны бөлімше меңгерушісі К.Ли, С.Кадыров және анестезиолог: Р.Касенов жасады.
Ота 30 минутқа созылды.
Отадан кейін науқас бірнеше күн ауруханада дәрігерлердің бақылауында болады.
Төртінші күні науқас көмексіз өзі жүре бастады.
Толық қалпына келтіру бірнеше аптаға созылады. Болашақта науқас қалыпты өмір сүре алады.
ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Лидің айтуынша, бұл ауру сирек кездеседі, нормотензивті гидроцефалиямен әдетте 65 жастан асқан науқастар ауырады, түрлі деректер бойынша аурушаңдық деңгейі 0,3%-3% құрайды.
Ең бастысы Альцгеймер ауруы, тамырлы деменция, маңдай-самайлық деменция және т.б. сияқты көптеген нейродегенеративті және тамырлы аурудан айырмашылығы – нормотензивті гидроцефалия қайтымды ауру.
Нейрохирург жоғарыда аталған ауру белгілері орын алған жағдайда миға МРТ немесе КТ жасалып, науқасты нейрохирург дәрігерге жіберу керек екенін баса айтады.