Ми туралы білім апталығын жалғастырамыз. Невропатологқа барудың ең көп тараған себебі – бастың ауыруы.

Ми туралы білім апталығын жалғастырамыз. Невропатологқа барудың ең көп тараған себебі – бастың ауыруы. Бүгін біз бұл туралы Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының невропатологы Жақсылықова Қаршыға Әбдібайқызымен әңгімелестік.
– Бас ауыруының диагностикасы өткір мәселе болып табылады, өйткені оның пайда болуының 20-дан астам себебі бар. Егер ол өмір сүру сапасын бұзып, әдеттегі өмірге кедергі келтіретін болса, маманға қаралған абзал.
Ауыру шабуылдары жиілеп, олардың ұзақтығы мен қарқындылығы артып, ауырсыну сипаты өзгерсе, невропатологқа баруды кейінге қалдыруға болмайды.
– Көбінесе пациенттер ауырсынуды шаршау немесе шамадан тыс жүктемемен байланыстырып, өздігінен емделеді. Қандай болмасын дәрі-дәрмекті қабылдамас, өзін-өзі емдемес бұрын, ауырсынудың себебін анықтау керек.
Әдетте қарарайым адамға оның себебін анықтау мүмкін емес, көбісі мұны істеуге тырыспайды да, бірақ түрлі ауырсынуды басатын дәрілерді ішеді. Бұл дұрыс емес.
Айына бірнеше рет басы ауыратын адамдарға ең алдымен мынаны ескеру керек – егер ауырсыну жүрек айнуымен, сөйлеу, көру қабілетінің және моториканың нашарлауымен бірге жүрсе, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
– ҚЖШККА неврология бөлімшесіне негізінен жедел вертебро-базилярлық жеткіліксіздік, вестибуло-атактикалық синдром диагнозы бар науқастар, бас айналу, қатты бас ауруы, үдемелі тамырлы лейкоэнцефалопатия диагнозымен түседі. Сондай-ақ, біз ми қан тамырлары ауруларын, атеросклерозды емдейміз, қан қысымын ретке келтіреміз. Егер бөлімшеге күніне орта есеппен 5 науқас түссе, оның төртеуі бас ауруына шағымданады, – дейді Қаршыға Әбдібайқызы.
– Қорытындылай келе, тағы бір баса айтқым келетіні – денсаулықты қадағалау керек. Қандай да бір мәселе туындаса, дәрігерге уақтылы қаралыңыз. Физикалық белсенді болыңыз: көбірек жаяу жүріңіз, толыққанды тамақтаныңыз, өзіңізді күтіңіз!