ҚР Бас санитарлық дәрігері «Ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, ҚР денсаулық сақтау ұйымдарында барлық қызметкер мен келушілер үшін міндетті түрде бетперде кию режимі қайта енгізіледі. Бұл шешім инфекция қаупін барынша азайту және медициналық мекемелердегі қызметкерлердің де, пациенттердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды.
Бетперде кию режимін қайта енгізу ауа-тамшылы инфекцияларын жұқтырғандар санының артуына байланысты.
Медициналық бетпердені қолдану Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған инфекцияны бақылау шаралары кешенінің стандартты тәжірибесі, әрі тұмау, қызылша сияқты түрлі вирустық инфекцияның таралуын тежеуге көмектеседі.
Барлығына, тіпті дені сау болып көрінетіндерге де бетперде кию керек екенін ескеру маңызды: вирус инкубациялық кезеңде болуы мүмкін, симптомсыз өтетін ауру жағдайлары да бар. Қызба не жөтел сияқты ауру белгілерінің болмауы инфекцияның басқаларға берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Бетперде режимін сақтау – тек сіздің ғана емес, басқалардың да денсаулығына деген жауапкершілік пен қамқорлықтың көрінісі.
Баршаңызды қоғамдық орындарда, әсіресе денсаулық сақтау орындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға және бетперде киюге шақырамыз.
Есіңізде болсын, денсаулықты күту бетперде кию сияқты қарапайым шарадан басталады. Қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және ықтимал инфекциядан бір-бірімізді қорғау үшін бірге жұмыс істейік.