Наурыздың 20-сы – Дүниежүзілік бас жарақаты туралы ақпараттандыру күні
Бас жарақаты мүгедектіктің немесе өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Мұндай жарақаттардың салдарын болжау көп жағдайда мүмкін емес және олардың басым көпшілігі адам денсаулығы мен өмір сүру сапасына теріс әсер ететіні сөзсіз. Мұндай жарақаттың негізгі белгілері – бас ауруы, құлақтағы шу, бас айналуы, жүрек айну, құсу, естен тану, амнезия.
Статистикаға жүгінсек, жыл сайын дүние жүзіндегі адамдардың 5%-дан астамы түрлі жазатайым оқиғалардың салдарынан ауыр ми жарақатына ұшырайды екен.
Толығырақ Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Омаров Бауыржан Болатұлы әңгімелейді.
– Бас жарақаты – бұл мидың, бас сүйегінің немесе бас терісінің кез келген зақымдануы. Ол жеңіл соққыдан немесе көгеруден мидың жарақатына дейін болуы мүмкін. Бас жарақаттарына мидың шайқалуы, бас сүйегінің сынуы және бас терісінің жарақаттары жатады. Басыңыздың зақымдануына не себеп болғанына және оның ауырлығына байланысты салдары мен емі әр түрлі болады.
– Бас жарақаттары жабық немесе ашық болуы мүмкін. Ашық жарақат дегеніміз – бұл бастың жұмсақ тіні, ұлпаларының тұтастығының бұзылуы, сүйектің ашық сынуы және мидың қатты қабығының зақымдануы. Жабық бас-ми жарақаты – тері жамылғылары мен кілегейлі қабықтың тұтастығы бұзылмай зақымдану.
Бас сүйегінің зақымдануын қаншалықты ауыр екенін бағалау қиын. Бастың кейбір жеңіл жарақаттары кезінде көп қан кетеді, ал кейбір ауыр жарақаттарда мүлде қан кетпейді. Бас сүйегінің барлық жарақаттарын байыпты түрде емдеу және оларды дәрігер бағалау маңызды.
– Қабылдау бөліміне күніне орта есеппен алғанда бас жарақаттарымен 15-20 науқас түседі. Оның 70 пайызын жедел жәрдем әкеледі. Олардың ішінде 4-6 науқас ауруханаға жатқызылады, негізінен нейрохирургия бөлімшесіне, – Бауыржан Болатұлы.
Бас жарақатына жеңіл-желпі қарамау керек. Егер бас жарақаты болса (әсіресе есін жоғалту, құсу және бас айналу сияқты белгілер болса) дереу жедел жәрдем қызметіне хабарласыңыз немесе жақын жердегі жедел жәрдем бөліміне жүгініңіз!