Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз Туякова Кулжанат Данакуловна

Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз
Туякова Кулжанат Данакуловна
Жоғары санатты медбике
Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы неврология бөлімшесінің аға медбикесі
Еңбек өтілі – 29 жыл
1992 жылы Алматы қалалық медициналық училищесінің «Жалпы мейірбике ісі» бөлімін тәмамдап, еңбек жолын Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында хирургия бөлімшесінің емшара бөлмесінде күндізгі медбике ретінде бастаған.
Көп ұзамай аға медбике көмекшісі жұмысын атқарған. 1997 жылы жоғары санатты медбике категориясын алған.
– Мамандығымды саналы түрде таңдадым, бала кездегі арманымды орындадым. Жұмысым өзіме ұнайды. Ал қазіргі кезде, бір жылдан астам уақыт коронавируспен күресіп келген уақыт ішінде, бізге түскен ауыртпалық пен жауапкершілікті түсінемін, – дейді Кулжанат Данакуловна.
2018 жылдан бастап Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы неврология бөлімшесінің аға медбикесі болып істейді.
2021 жылы Республикалық жоғары медициналық колледжін «Медбике ісі – медбикенің қолданбалы бакалавры» мамандығы бойынша біліктілігін арттырды.
– Медицина қызметкерлеріне үнемі біліктілікті арттырып, заманға сай технологиямен жұмыс істеуді үйреніп отыру керек. Егер осылайша оқып, тәжірибесін тереңдетіп отырса, медицина қызметкерлеріне еш кедергі болмайды деп ойлаймын.
– Қазіргі өмірдің қарқыны, экологиялық жағдай, күнделікті күйзеліс, аз қимылдау, созылмалы аурулардың асқынуы, ағзаның интоксикациясы – бәрі жүйке жүйесі ауруларының дамуына әсер етпей қоймайды. Неврология бөлімшесі – қазіргі уақытта медицинаның ең қажетті саласының бірі десем қателеспеспін. Жүйке жүйесі аурулары адамның өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді, себебі ауырсынулар жиі қайталанып, еске сақтау қабілеті нашарлап, қимыл-қозғалысы бәсеңдейді, – дейді Кулжанат Данакуловна.
– Неврология бөлімшесінің меңгерушісі Бавдинов Бахтияр Алимжанович – өте білікті маман, дарынды басшы. Бөлімшемізде 2 дәрігер невропатолог, 7 орта медбике және 5 кіші медбике істейміз. Бахтияр Алимжанович бастаған бөлімше ұжымының ауызбіршілігі жарасқан, ұйымшыл. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазіргі коронавирус індеті орын алған кезде бөлімшеміздің жұмысы қалыпты, біз бір-бірімізге көмек қолын созуға қашанда дайынбыз.