Бүгін Халықаралық зертханалық диагностика маманы күні
Науқастың жағдайын бағалау үшін ең білікті дәрігерге де талдау нәтижелері керек екенін ескерсек, бұл мамандардың маңызын да түсінеміз.
Шампитанова Дана Талғатқызы
1 санатты аға зертханашы
Еңбек өтілі – 9 жыл
2018 жылдан Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының аға зертханашысы
2020 жылы Covid-19 пандемиясына қарсы күресте қосқан үлесі үшін мемлекеттік награда «Халық алғысы» медалімен марапатталған
– Негізі бала кезден туризмді армандайтынмын, – деп бастады әңгімесін Дана Талғатқызы. – Шетелдіктерге елімді-жерімді ең жақсы жағынан таныстырғым келген. Дегенмен грантқа түспегесін, кіші медбикелік жұмыс тауып, санитар қызметін атқардым. Осылайша медицинаға деген алғашқы қадамды жасадым. Жан сақтау бөлімшесінде істедім, ондағы ауыр халдегі науқастарды көріп, жүрегім ауыратын. Дәрігерлер, медбикелер күні-түні солардың жанынан шықпай қызмет еткенін, жақындарының уайымдағанын көргенде, алдыма медицина қызметкері болам деген мақсат қойдым. Сөйтіп, 2009 жылы Республикалық медициналық колледжге грантқа түстім. Оқуды қызылға бітіріп, 2012 жылы №4 қалалық клиникалық ауруханаға зертханашы болып жұмысқа тұрдым. Онда 6 жыл істегеннен кейін Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан аға зертханашы қызметіне ұсыныс түсті.
– Қорқыныш болды, әрі аға зертханашы қызметі, шыны керек, басында маған қиынға түсті. Аға зертханашының жұмысы да, жауапкершілігі де зор екен. Аурухананың бас медбикесі Алуа Нургазымовнаның, басқа аға медбикелердің көмегі, ақыл-кеңестерінің арқасында мен көп нәрсені үйрендім. Түсінбеген, білмей жатқан жерім болса, көрсетіп, көмектескені, мені алға итермелегені үшін шын жүректен алғыс білдіремін.
– Көзімді ашып, зертханаға деген қызығушылығымды одан әрі арттырған, жолын көрсеткен, көп нәрсені үйреткен бірден-бір адам клиникалық-диагностикалық зертхананың меңгерушісі Садыкова Клара Газизовнаға алғысым шексіз. Жұмыс бойынша ғана емес, жеке мәселелерде де ақыл-кеңесін аямай, үлкендігін көрсетіп, жолын айтып отырды. Зертхана дәрігерлері де қол ұшын созды, оларға да рахмет.
– Мен оқуды бітіріп жұмыс істей бастағанда, бар жұмысты қолмен жасайтынбыз. Ал қазіргі кезде, бәрін талдауыш есептейді. Бірақ талдауыштың өзінің ерекшеліктері көп, оны арнайы оқып, сертификат аламыз. Технология дамып, аппараттар жетілдірілген сайын, біз де жетіле береміз. Бәрін аппарат істейді, зерханада жұмыс істеу рахат деп ойлау – үлкен қателік. Әр анализді аппаратқа салу үшін дайындаймыз, әрі көрсеткіштер шектен тыс шығып жатса, төмен, не жоғары болып жатса, біз жағынды жасап, оны бояп, микроскоптың астында қарап, өзіміз санаймыз.
– Енді мен де өз кезегімде жаңадан келген жас мамандармен білген-көргеніммен аямай бөлісіп, зертхана жұмысының қыр-сырын үйретіп, олардың біздің мамандыққа деген қызығушылығын барынша арттыруға тырысамын.
– Бүгінгі күні біздің клиникалық диагностикалық зертханада 6 дәрігер-лаборант, 8 фельдшер-лаборант және бір кіші медициналық қызметкер істейді.
– Осы сәтті пайдаланып, біздің зертхана қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтаймын!