Травматологтар күні қарсаңында Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының травматологиялық пункті туралы сөз етсек.
Қабылдау бөлімінің травматологиялық пунктінде 10 дәрігер, 3 медбике қызмет етеді. Күн сайын травмпункт 70-100 науқасқа дейін қабылдайды, 3-4 ота жасалады.
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы травматологиялық науқастарға тұрғылықты жеріне қарамастан тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Травмпункт көрсететін көмек:
– жарақат, күйікті алғашқы хирургиялық өңдеу;
– буын шығуын қалпына келтіру;
– сынықтарды консервативті емдеу;
– блокадалар мен пункциялардың түрлері;
– жабық сынық кезінде сүйек сынықтарын қайта орналастыру;
– қанды ісікті ашу;
– буындардың диагностикалық пункциясы;
– құтырмаға қарсы екпе;
– сіреспе анатоксинін және сіреспеге қарсы сарысуды енгізу;
– гипс таңғыштарын салу;
– асептикалық таңғыштарды енгізу.
Травматологиялық пункт дәрігерлері аурухананың барлық бөлімшелерінің қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Травматологиялық пункт жұмысы туралы травматолог дәрігер Утегенов Біржан Тілеулесұлы баяндайды:
– Халықтың жағдайын жақсартып, адам өміріне араша түскім келгендіктен медицинаны таңдадым. Травматологияны таңдау себебім травматологтар қызметін нағыз күш жігерлі азаматтар атқарады, солардың бірі болғым келді. Өзімнің күш-жігерім осы мамандыққа сай екенін түсіндім. Медицинадағы еңбек өтілім – 15 жыл. Осы уақыт ішінде таңдауыма еш өкінген емеспін.
– Травматология физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты болуды қажет етеді. Өз басым бос уақытымда міндетті түрде спортпен шұғылданамын. Дзюдомен айналысамын.
– Жұмысымды науқастарға көмек беру, ем-дом қолдану, жалпы науқасқа араша түсу деп білемін. Мұндағы басты нәрсе – адам өмірі, денсаулығы үшін жауапкершілік. Бұл қанша ауыр болғанымен, ем-шараның нәтижесін көру – үлкен қуаныш. Науқас дертінен толық сауықса дейміз ғой.
– Бізге науқастар түрлі жарақатпен түседі. Қазір негізінен кене шағу, ит тістеу, көше жарақаттарымен келіп жатыр.
– Травмпункт жұмысын ұйымдастыруда нәтижелі де тиімді травмалық көмек көрсету жатыр. Сол мақсатта медициналық заманауи әдістерді қолданамыз. Ауруханамызда жұмысты ұйымдастыру құрылымы жоғары деңгейде – алдыңғы сапалы медициналық көмек көрсету біздің жұмысымыз.
– Сөз соңында, әріптестерімді, травматологияға қатысы бар барлық мамандарды келе жатқан кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыс тілей отырып, кәсіби біліктіліктің арқасында биік асулардан көріне беруге шын жүректен тілектеспін!