Аурухана қызметкерлерімен таныс болыңыз. Кожасанов Дастан Серікұлы

Аурухана қызметкерлерімен таныс болыңыз.
Кожасанов Дастан Серікұлы
Реанимация бөлімінің мейіргер анестезисті
Еңбек өтілі – 16 жыл
– Шыны керек, медицинаға кездейсоқ келдім. О бастан дәрігер боламын деген ой болған жоқ. Мектеп бітіргенде, таныстарым медицинаға түсіп көруді ұсынған, солай түсіп кеттім. Дегенмен, өз таңдауыма өкінген кезім болған емес. Реанимацияда істеген өзіме ұнайды.
– Еңбек жолымды Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында токсикологияның жан сақтау бөлімінде бастадым. Содан бері осы ауруханада істеп келемін.
– Реанимацияда істеу үшін тәжірибе керек. Қорықпау керек, жұмысқа деген ынта, шыдамдылық керек. Оңай жұмыс болмайды ғой. Жұмысқа қырағылықпен қарау керек, уақытымен дәрілерді салып, науқасқа уақтылы көмек көрсету керек. Өткізіп алмау керек уақытты. Әр нәрсенің өз уақыты бар.
– Ота болады дегеннен бастап дайындық жүргіземіз. Жансыздандырудан бөлек науқасты қарау, деректерін сұрастырамыз. Қазіргі кезде жақсы наркоздық препараттар бар. Соның нәтижесінде науқас жеңіл оянады, сол себептен көп адамдар өзін терең ұйықтап, оянғандай сезінеді. Кейде отаның қатаңдығы мен көлеміне байланысты қосымша наркоз берілетін сәттер де болады. Шұғыл жағдайда ұзақ ойлануға, сараптама нәтижесін күтуге уақыт жоқ. Әр минут шешуші болуы мүмкін. Осы орайда дұрыс шешім қабылдай білу қабілеті өте маңызды болып табылады.
– Мен үшін қуанышты сәт – ем қонып, аурудан айығып шыққан науқастың алғысын алу. Міне, осындай кіршіксіз алғыс мерейді өсіреді, ерік-жігер береді.
– Бос уақытты барынша бала-шағамен өткізуге тырысамын. Гүл өсірумен айналысамын.