Айткулова Жансая Ерлепесовна
ҚЖШККА қабылдау бөлімінің невропатолог дәрігері
Еңбек өтілі – 7 жыл
– Медицина – жүрегімнің қалауы. Жастайымнан дәрігер адам өмірінің арашасы деп білемін. Осылайша адам атаулыға пайдам тисе екен деп дәрігерлік жолды таңдадым. Жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті ақ халат киіп жүргенімді мақтан етемін.
– 2009 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне түстім. Университетте оқып жүріп, әскери кафедраны да бітірдім, лейтенант атағында әскери билетім бар.
– Еңбек жолымды осы Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында бастадым. 2014-2016 жылдары интернатуда оқып жүріп, инсульт бөлімшесінде медбике ретінде жұмыс істедім. 2016-2018 жылдары резидентурада оқып жүргенде, ресми түрде қабылдау бөліміне дәрігер невропатолог ретінде жұмысқа тұрдым.
– Қабылдау бөліміне түскен пациенттердің ішінде невропатолог маман қарайтын науқастар негізінен ишемиялық және геморрагиялық инсульт, миға қан кету, остеохондроз, ұстама ауруы диагноздарымен түседі.
– Өз мамандығымды, жұмысымды жақсы көремін. Бірақ қазіргі кездегі кейбір науқастардың дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне деген қарым-қатынасы «осы таңдауым дұрыс болды ма өзі?» деген сұрақтың жиі-жиі туындауына себепші…
– Сондай кездерде мамандығымды не үшін таңдағанымды еске алуға тырысамын. Неврология үшін қызықты ғылым. Өйткені қаншалықты көп оқысаңыз да, оның шегіне жете алмайсыз. Неврологиялық, патологиялық аурулардың әлі де анықталмаған, зерттеуді қажет ететін түрі өте көп.
– Жұмыстан бос уақытымда серуендеуді, музыка тыңдауды, ән айтуды ұнатамын. Невропатолог әріптестеріммен бірге тауға шығу сияқты белсенді тынығуды таңдаймыз.