Желтоқсанның бірінші жұлдызы Халықаралық невролог күні.
Жүйке жүйесі ауруларының себебі мен механизмін анықтау, емдеу және олардан сақтандыру әдістерімен айналысатын дәрігерлердің бүгінгі күні орны бөлек. Неврология – қазіргі уақытта медицинаның ең қажетті саласының бірі. Жүйке жүйесі ауруларының кең таралуы жайсыз экологиялық ахуалмен, соңғы кездегі қоғам дертіне айналған жиі күйзеліске ұшыраумен, эмоционалдық жүктеменің ауырлығымен тығыз байланысты. Неврологиялық аурулар адамның өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді, себебі ауырсынулар жиі қайталанып, еске сақтау қабілеті нашарлап, қимыл-қозғалыс бәсеңдейді.
Мереке қарсаңында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы неврология бөлімшесінің меңгерушісі Маханбетжанова Райса Алмаханбетқызымен сұхбаттасқан едік.
Райса Алмаханбетқызы – жоғары санатты невропатолог; медицина ғылымдарының магистрі; «Neuroscience» Қазақстан ұлттық невропатологтар қауымдастығы, Қазақстан ұлттық инсульт қауымдастығы, World Stroke Organization мүшесі.
Еңбек өтілі – 25 жыл.
Кәсіби дағдылары: неврология және қалпына келтіру медицинасында плазмолифтинг технологиясын, карбокситерапия әдісін меңгерген, ауырсыну синдромдарына терапевтік және дәрілік блокада жасайды, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас невропатологы лауазымында склерозбен ауыратын науқастарға медициналық көмекті жақсартып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сатысында және шашыраңқы склероз кабинетін ұйымдастырған, сот-медициналық сараптамаларына, қалалық консилиумдерге қатысқан. Ғылыми-практикалық, соның ішінде шетелде өтетін конференциялардың (Испания, Австрия, Ресей) тұрақты қатысушысы.
– Еңбек жолымды қалалық емханада терапевт ретінде бастадым. Неврология, менің таңдауым емес. Мені таңдаған неврология деуге болады, – дейді Райса Маханбетжанова. – Алакөл аудандық ауруханасына жұмысқа жібергенде, ол жерде дәрігер невропатолог болмады. Бас дәрігер мені бастапқы дайындыққа – жалпы жетілдіру цикліне жіберді. Тағдырдың жазуымен және аудандық аурухананың бас дәрігерінің нұсқауымен менің невропатолог ретіндегі қызметім басталды. Одан кейін кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім, клиникалық ординатурада болдым, АГИУВ, ҚазҰМУ, ҚРМУ кафедраларында ассистент болып жұмыс істедім.
Ал, биылдан бастап #ҚЖШККА неврология бөлімшесінің меңгерушісімін.
– Невропатолог үшін ең бастысы – науқастармен ортақ тіл табу. Шынында да, біздің пациенттеріміздің көпшілігінде орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы, психикалық бұзылулар болады. Пациенттермен қарым-қатынас қашанда шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Ал невропатологтар үшін, соның ішінде бөлімшенің орта және кіші қызметкерлері үшін бұл өте маңызды, өйткені жүйке жүйесінің аурулары адамның психикасын да, оның қарым-қатынас тәсілін де өзгертеді. Пациенттің әдеттен тыс немесе орынсыз мінез-құлқына дайын болу керек. Сондықтан бөлімшенің орта және кіші персоналы арнайы оқытылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады.
ҚЖШККА неврология бөлімшесі аурухана құрылғаннан бері жұмыс істейді және 25 төсек-орынға есептелген. Бүгінгі таңда бөлімшеде 3 невропатолог және 15 орта және кіші буын қызметкерлері жұмыс істейді.
– Мен неврологияны, өз жұмысымды қатты жақсы көремін. Неврология туралы ұзақ әңгімелеуге дайынмын. Бірақ пациенттерге айтқым келетін ең бастысы – өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз! Мамандарға қаралыңыз. Бұл уақыт пен ақшаны үнемдеп, денсаулықты сақтайды.
– Сөз соңында әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Ең бастысы – зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін!
–
Біз де құттықтауларға қосылып, жұмыста жоғары жетістіктер, құрмет және тамаша көңіл-күй тілейміз.