Инсульттен кейін сөйлеу қабілетін қалпына келтіру
Дүниежүзілік инсульт апталығы аясында біздің дәрігерлер бұл ауру туралы айтуды жалғастырады. Бүгін біз инсульттен кейін сөйлеуді қалпына келтіру туралы айтатын боламыз.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы инсульт орталығында инсульттен кейін сөйлеу қабілеті бұзылған науқастармен логопед-афазиолог Меңдіғалиева Сәуле Рүстемқызы жұмыс істейді.
Инсульттен кейін тілдесуде қиындықтар болуы әбден мүмкін. Дұрыс сөздерді таңдау, сөйлем құру немесе оларды мағынасымен байланыстыру қиынға түседі. Мұндай мәселелер сөзсіз қынжылтады. Сөйлеу және тіл мамандары науқасқа тілдесуді және есте сақтауды жақсартуды қайтадан үйретумен айналысады.
Инсульттен кейінгі науқастардың үштен бірінен астамында, жедел кезеңнің соңына қарай кейбір сөйлеу бұзылыстары әлі де сақталады. Афазия (сөйлеу қабілетінің жоғалуы) көбінесе аграфиямен (жазу қабілетінің жоғалуы) бірге жүреді: сөзді жазбас бұрын оны ойша айту керек қой.
Әдетте мұндай жағдайда анық сөйлемеу жиі кездеседі.
Шындығында, логопед-афазиологтың міндеті – науқасты қайта сөйлеуге үйрету. Артикуляция және фонация жаттығулары науқаста қажетті байлам моторикасын дамытқанға дейін бірнеше рет қайталанады.
Сәуле Рүстемқызы логопед-афазиологтың инсульттен кейінгі науқастармен ғана жұмыс істемейтінін баса айтады.
– Логопед-афазиолог патологиялар нәтижесінде сөйлеуін жоғалтқан адамдарға қажет: бас миының жарақаты; нейроинфекция; ми ісігі; миға жасалған ота; инсульт. Кейде осы аурулардың нәтижесінде адам үйлесімді, жартылай немесе толық сөйлеу қабілетінен айырылады. Сөйлеуді қалпына келтіру, сол арқылы науқастың коммуникативті дағдылары мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін арнайы жеке әзірленген оңалту бағдарламасы қажет. Бұны логопед-афазиолог жасайды.
Афазиологтың негізгі кәсіби іс-әрекеті:
• бастапқы нейропсихологиялық тексеру жүргізу;
• сөйлеу, жазу, жұтыну бұзылыстарын анықтау үшін диагностикалық әдістерді қолдану;
• бұрынғы ауруын және науқастың денсаулығының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оңалту бағдарламасын әзірлеу;
• массаж әдістерін қолдана отырып, логопедиялық сабақтар өткізу;
• сөйлеу аппаратын түзетуге дайындау;
• дұрыс сөйлеу тыныс алу әдістерін қолдану;
• сөйлеу аппаратының бұлшықеттеріне (тіл, ерін, жақ) жаттығулар кешенін таңдау;
• терапия нәтижелерін бақылау және талдау.
Сөйлеу – бұл күрделі процесс, оған тек дауыс байламдары ғана емес, сонымен қатар бет бұлшықеттері, тыныс алу, ми аймағы – сөйлеу мотор анализаторы қатысады. Ми зақымдалған кезде сөйлеу жоғалып кетуі ерекше жайт емес.
Бірақ сөйлеуді қалпына келтіру ұзақ процесс екенін түсіну керек, тіпті кішкентай прогресс жақсы нәтиже деп санауға болады. Сондықтан Сәуле Рүстемқызы шыдамдылық танытып, еңсені түсірмеуге кеңес береді.