Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында инсультпен жасанды интеллект күреседі
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында ишемиялық және геморрагиялық инсульттың ультра дәл диагностикасы үшін нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект CEREBRA енгізілді. Осы уақытқа дейін пациенттерге МРТ арқылы диагноз қойылған, бірақ адамның көзі КТ суретінде пайда болған цитотоксикалық ісінуді байқай алмайды. Оның үстіне, дәрігер инсульт диагнозын симптомдар орын алғаннан бастап 6 сағаттан кейін қоя алады. Ал инсульттің терапевтік терезесі 4,5 сағатты құрайды. Жасанды интеллект CEREBRA көмегімен инсульт 10 минут ішінде танылады, сонымен қатар ол мидың зақымданбаған паренхимасының бөлігімен салыстыру арқылы ядродағы тіндердің тығыздығының өзгеруін нақтылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде пациентке жедел емдеу тағайындалып, функцияны жоғалту және неврологиялық тапшылық қаупі азаяды.
Жаңа софт медицинада ерекше маңызды. Себебі инсульт Қазақстандағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады, жылына қырық мыңға дейін инсульт тіркелсе, оның жартысы өлімге, ал 80%-ы мүгедектікке әкеледі. Сондай-ақ, Қазақстан инсульт ауруы бойынша алғашқы 30 елдің қатарына кіреді. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жылына инсультпен мың науқасты қабылдайды.
CEREBRA жобасын AlmatyA.I.Lab лабораториясының жас қазақстандық мамандары ойлап тапты. Олар 2018 жылдан бастап жасанды интеллект технологияларын дамытумен айналысып келе жатыр. Барлық әзірлеушілер РФММ, СДУ, ҚБТУ, Назарбаев Университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті, британдық жетекші университеттер түлектері.
– Команда жас, болашағы зор, креативті, оның құрамында бағдарламашылар, математик, физик, нейродадиологтар бар, – дейді жоба менеджері Меруерт Сайфуллақызы. – Біз бағдарламалық жасақтаманы 3 жыл бойы мұқият жасадық. Отандық ауруханалардан КТ деректерінің архивін сұрадық, ал ең бірінші болып Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев жауап беріп, бізге қолдау көрсетті. Жалпы, бұл мәліметтермен елімізде проблема бар, өйткені оларды талдауға арналған КТ дерекқоры жоқ, сондықтан біз жасанды интеллекті сынау үшін бәрін біртіндеп жинадық. Өзіміздің өнертабысымызбен біз ауруханаға уақытында барып, нақты диагноз қойылған жағдайда инсульттің емделетінін, миды зақымданудан сақтауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Мидың өзгеру нәтижелері бойынша ақпаратты автоматты түрде беретін Cerebra мобильді қосымшасын пайдаланып, біз уақытты барынша үнемдейміз, әрі барлық емдеуші топ бір желіде болып, кеңес бере алады.
Жасанды интеллект көмегімен диагноз қалай қойылады? КТ суретін алғаннан кейін бағдарлама мидың 3D моделін жасайды, содан кейін нейрондық желі оларды өңдейді және нәтижені мидың зақымданған аймақтарын көрсететін аналитикалық есеп түрінде береді. Бұл бірнеше минут уақытты алады. Ал инсульт кезінде “time is brain” «уақыт деген ми» – уақыт өте маңызды.
Бүгінгі күні CEREBRA инсульттің 85%-ында дұрыс диагноз қоюға көмектеседі, сондықтан әзірлеушілер қосымша мәліметтер жинау арқылы оны жетілдіре береді. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және басқа ауруханалар бұл процесте жақсы көмек болады. Ал ең бастысы, науқастар дәлірек диагностикадан өтіп, олардың сауығу мүмкіндігі артады.