ҚЖШККА-да Алматыда өтетін ішектің қабыну ауруларына арналған X Ұлттық форумға орай шеберлік сынып өтті

ҚЖШККА-да Алматыда өтетін ішектің қабыну ауруларына арналған X Ұлттық форумға орай шеберлік сынып өтті
Бүгін Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында ішектің қабыну аурулары (ІҚА) бойынша өтетін X ұлттық форум мерейтойлық халықаралық конгресі алдында шеберлік сыныбы өтті.
Форумды Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мен Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бірлесіп ұйымдастырып жатыр.
ҚЖШККА директоры Алмаз Джувашев:
«Осындай маңызды шараның дәл біздің ауруханада өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Ішектің қабыну аурулары – бүгінгі медицинаның өзекті бағытының бірі. Бұл дерт ұзақ уақыт бақылауды, үздіксіз емді және ең бастысы – мамандардың бірлесе жұмыс істеуін қажет етеді. Гастроэнтеролог пен хирургтың ортақ шешімі ғана науқас жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Жиынға қатысушылардың алдында модератор болып сөз сөйлеген:
– Джамиля Кайбуллаева – Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары мен
• Казыбек Агибаев – Қазақстан колопроктологтар қауымдастығының төрағасы болды.
«Ішектің қабыну ауруларындағы заманауи хирургия: көрсеткіштен нәтижеге дейін» атты ішектің қабыну ауруларына арналған тәжірибелік шеберлік сыныбының бағдарламасы заманауи хирургиялық тәсілдерге, күрделі клиникалық жағдайды басқаруға және мультидисциплинарлық өзара іс-қимылға арналды.
Қатысушылар ота барысын тікелей эфирде бақылап, ем тактикасын, отаға дейінгі дайындық пен отадан кейінгі жүргізу мәселелерін талқылады.
Тікелей трансляциямен екі хирургиялық ота жасалды:
– Бірінші клиникалық жағдай – Крон ауруы, терминалді илеит және ішек-қуық жыланкөзі бар науқас.
– Екінші клиникалық жағдай – Крон ауруы, терминалді илеит және тыртықты тарылу бар науқас.
2 отаны да Казыбек Агибаев пен Армен Варданян орындады.
Армен Варданян Ресей А.Н. Рыжих атындағы колопроктология ұлттық медициналық зерттеу орталығы колоректалды хирургия бөлімінің жетекшісі, ішектің қабыну ауруларын хирургиялық емдеу саласындағы жетекші мамандардың бірі.
Науқастарды отаға дайындап, емдеу процесін үйлестірген – Иса Мусатаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жанындағы ІҚА, ҚІС және нутритивтік қолдау мамандандырылған орталығының жетекшісі.
Клиникалық жағдайларды Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ гастроэнтерология бағыты бойынша резидент-дәрігері Мадина Ракымова таныстырды.
«Ішектің қабыну ауруларындағы хирургия – тек ота техникасы ғана емес. Бұл – командалық жұмыс, уақтылы шешім қабылдау және ең бастысы – науқастың өмір сапасына бағытталған тәсіл», – деді Армен Варданян.
Мерейтойлық халықаралық конгресс мамырдың 22-23 аралығында өтіп, гастроэнтерология мен колоректалды хирургияның өзекті мәселелері талқыланатын кәсіби алаңға айналады.