Дәстүр бойынша жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ ұйымы Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының әкімшілігімен бірлесіп, мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балаларға салтанатты жағдайда табыс етеді. Биыл да солай болды.
Бүгін болашақ бірінші сынып оқушыларына мектепке қажетті оқу құрал-жабдығы толық қамтылған мектеп сөмкелері салтанатты түрде табыс етілді. Аурухана қызметкерлерінің балаларынан биыл бірінші сыныпқа 21 қыз және 23 ұл – барлығы 44 бала барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 балаға көп.
Мектепке алғашқы дайындық әр отбасы үшін қызықты әрі есте қаларлықтай болуы керек. Кеңсе тауарларының жиынтықтары аурухана қызметкерлері үшін баланы мектепке дайындауды жеңілдетсе, жарқын мектеп сөмкелері бірінші сынып оқушыларының өздерін қуантты. Енді оларды жаңа білім мен жетістіктер, жаңа достармен кездесу күтіп тұр.
Болашақ бірінші сынып оқушыларын бас дәрігердің орынбасары Бақыт Утаганов құттықтады:
– Болашақ бірінші сынып оқушыларын келе жатқан Білім күнімен құттықтаймын! Сізге ең бастысы зор денсаулық тілеймін. Мектепте жақсы оқыңдар, озат болыңдар. Ақ жол сендерге!
Ата-аналардың айтуынша, баланы бірінші сыныпқа дайындау қызықты болумен қатар, қаржылық жағынан қымбат. Ал бірінші сынып оқушысына қажетті барлық керек-жарағы бар мектеп сөмкесі отбасы бюджетіне үлкен көмек. Оның үстіне, биыл аурухананың төрт қызметкерінің бірінші сыныпқа бірден 2 баласы барады. Ал бұл өз кезегінде отбасылық бюджетке еселенген соққы.
– Қазір бірінші сынып оқушысын мектепке дайындау үшін қомақты қаржы қажет, сондықтан мұндай сыйлық жинағы ата-ана үшін зор көмек. Тек қызметкерлерге ғана емес, балаларымызға да қамқорлық жасағаны үшін әкімшілікке алғыс білдіреміз, – деп ризашылығын білдірді ата-аналар.