ҚЖШККА урологтары науқас бүйрегінен 10 см және 8 см 2 жылауықты алып тастады.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 54 жастағы науқас жалпы әлсіздік пен бел аймағындағы ауру сезіміне шағымданып түсті. Тексеру кезінде науқастың оң бүйрегінде көлемі 10 см және 8 см екі жылауық (киста) анықталды.
Оң бүйректегі жылауықтар лапароскопиялық жолмен алынып тасталып гистологияға жіберілді.
• Бүйректегі жылауық көп жағдайда науқасқа ұзақ уақыт бойы қолайсыздық тудырмауы мүмкін. Егер бүйрек жылауығының мөлшері 3-4 см-ге дейін болса, онда ол еш белгісіз өтеді. Шағым болмаған және тексеру нәтижелері қалыпты болған жағдайда, жылауық бақылауда болады – жылына бір немесе екі рет ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, оның өсу динамикасы қадағаланады.
• Бүйрек жылауығының мөлшері 5 см-ден асса, ол бүйрек пен зәр шығару жолдарының тіндерін, омыртқа бойындағы жүйке жүйесін қыса бастайды. Науқаста бел аймағында ауру сезімі нығая түседі. Бүйрек жылауығы дамуының салдары ретінде іріңді процестер (ауырсыну, қызба, қалтырау), сондай-ақ түзілу қапшығының жарылуы орын алуы, бүйрек ісігінің және артериялық гипертензияның пайда болуы мүмкін.
«Әдетте мұндай жылауық жылдар бойы өседі. Ол өскен сайын, науқас бел аймағындағы қысымның жоғарылауын сезінеді. 8-10 см жылауық медициналық тәжірибеде сирек кездеседі», – дейді уролог Талғат Шыныбаев.
Оң жақ бүйрек жылауықтарын лапароскопиялық жолмен алып тастауды уролог-дәрігерлер Р.Гасанов пен Т.Шыныбаев жүзеге асырды. Операция 40 минутқа созылып, сәтті өтті.
Бүйректің барлық функциялары сақталды. Отадан кейінгі ерте кезең асқынусыз өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы. Оған консервативті терапия тағайындалды