Академик М.А. Әлиевтің туғанына 90 жас
Академик Мұхтар Әлиұлы Әлиев көзі тірі болғанда биылғы жылы 90 жасқа толар еді. «Ғалымның өзі өлсе де сөзі өлмейді» дегендей оның артына қалдырған еңбегі көзі жоғын білдірмей, тарих болып сөйлеп, көппен сырласып отыр. Бүгінгі күні М. Әлиев дегенде біз, ұлы дәрігер, ғалым, денсаулық сақтау мен ғылымды ұйымдастырушы, теориялық білімнің маңыздылығын, серпінді және қолданбалы зерттеулердің маңызын терең түсінген тұлғаны еске аламыз. Ол – академик, профессор, танымал хирург, медицина ғылымдарының докторы, денсаулық сақтау министрі ретінде танымал.
Оның өмір жолы бүгінгі жас дәрігерлерге үлгі болары сөзсіз.
М. Әлиевті білетін әрқайсымыздың жеке естеліктеріміз бар. Біз онымен кездескен кезде оның керемет мейірімділігі мен даналығына, шығармашылық қызығушылықтарының алуандығына қайран қалатынбыз.
«Таулардың биіктігі алыстан жақсы көрінеді, көрнекті тұлғалардың ұлылығы уақыт өте көрінеді» – дейді дана халқымыз. Осындай ұлы тұлға М. Әлиев – Қазақстандағы хирургияның беделді, құрметті көшбасшысы.
Ол, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі ретінде халыққа көмектесу және өмірлеріне араша түсу жолында көпшілік құрметіне ие болды. М. Әлиев ҚР хирургтері ғылыми мектебінің жетекшісі ретінде аспиранттарға, ординаторларға, дәрігерлерге дәріс берді. Ол жетістіктерінің барлығына, тек таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында жетті.
Медицинаның түрлі салаларын қамтитын 13 мыңнан астам ота жасаған. Бұл 13 мың адамның тағдыры. Оның бойына біткен табиғи дарыны еліміздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырды. Ол жасаған операциялар ізбасар ғалымдарға тағылымды тәжірибе болды.
Ғалымның атқарған істері мен елге сіңірген еңбегі Қазақстанның Халық Қаһарманы жоғары атағымен және екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері болып, лайықты бағасын алды.
М. Әлиев 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысы, Төмен-арық стансасында темір жолшының отбасында дүниеге келген.
М. Әлиевтің Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға сіңірген еңбегі мен баға жетпес үлесін тізіп шығу мүмкін емес. Оның өміржолы ауыл дәрігерінен басталып, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, Жоғарғы Кеңес депутаты қызметіне дейін жалғасты.
М. Әлиев 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертацияның, 970 ғылыми еңбектің, оның ішінде 60 монографияның авторы, 155 авторлық куәлікке ие. Оның 18 шәкірті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
1992 жылы академик Мұхтар Әлиев профессор К. Маскеев және доценттер В. Голубченко, О. Пановалармен бірлесе отырып, ТМД-дағы алғашқы жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі Қазақ медицина институтының негізін қалады. 2010 жылы университет Қазақстан-Ресей медициналық университеті болып өзгертілді.
Мұхтар Әлиұлы – сан қырлы дарынды тұлға. Ол өнерге үлкен қызығушылық танытты, өзінің сүйікті досы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға зор үлес қосты. Оның құрметіне «Шарапат» қорын ұйымдастырып, Алматыда оның есімімен аталатын көшенің берілуіне үлес қосты.
Оның жанының жомарттығы аз қамтылған отбасыларға, балаларға риясыз көмек көрсету, оларға пәтер сатып алуында көрсеткен қайырымдылығымен сипатталады.
М. Әлиев салауатты өмір салтын ұстанды. Шәкірттеріне де соны сіңірді. Шәкірттерімен тауға серуендеп, минифутболды бар ынтасымен, үлкен ықыласпен бірге ойнайтын. Жер-жерде медициналық көмек көрсетіп, хирургияға жаңа технологияларды енгізіп, аймақтарға іссапарға өзімен бірге ертіп жүрді. Ол, географиясы мен шығу тегіне қарамастан, өзіне берілген талантты әріптестерді айналасына жинайтын. Әрқайсысымыздың үйімізде шетелге барған сапарынан әкелген сыйлықтары сақтаулы.
Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институты жанындағы ЦОЛИУВ-тың клиникалық ординатурасын, аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациямды қорғап, Мәскеуден 1982 жылы Алматыға оралдым.
Нейрохирургия мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, 2-ші қалалық ауруханада кезекші болып жұмыс істеуге мәжбүр болып, Денсаулық сақтау министрі М. Әлиевке жүгіндім.
Мұхтар Әлиұлы менің диссертациямның тақырыбына үлкен қызығушылық танытып, микрохирургия әдістерін Қазақстанда клиникалық тәжірибеге енгізгісі келетінін айтты және Клиникалық және эксперименттік хирургия Ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасуға ұсыныс жасады. Сонымен қатар, микрохирургия бөлімін ашып, әрі қарай ғылыми зерттеулер жүргізуге көмектесті.
Алғаш рет 1983 жылы Қазақстанда микрохирургиялық әдістерді қолдана отырып, М. Әлиев шәкірттері науқастардың жарақат салдарынан денесінен бөлініп қалған қолы мен саусағын қайта қалпына келтірді (реплантация). Бұл жайында уақытында орталық «Правда», «Известия» газеттерінде жазылды.
М. Әлиевтің жетекшілігімен 10 кандидаттық диссертация қорғалды, 10 монография, микрохирургия бойынша 30 ғылыми еңбек жарық көрді. Онымен 1999 жылы микрохирургия бойынша жұмысымыздың бір үзіндісі үшін ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым.
Қазіргі уақытта микрохирургия мамандық емес, әдіс ретінде қарастырылады. Оны трансплантология, офтальмология, оториноларингология, нейрохирургия, қан тамырлары хирургиясы, травматология, балалар хирургиясы және т.б. салаларда кеңінен енгізуге болады.
Қазақстан ғылымында жарқын із қалдырған ғажайып, аяулы ұстазымыздың есімін болашақта А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына ескерткіш тақта іліп және оның есімі Қазақстан-Ресей медициналық университетіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы Ұлы ғалымның рухына тағзым еткен құрметті білдіреді және оның жас дәрігерлер үшін үлкен кәсіби биіктерге жету идеясын лайықты жалғастыруға ықпал етеді.
Қырым Кәмиғалиұлы Ахметов,
ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
академик М. Әлиевтің шәкірті