Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды.
Жолдауда Денсаулық сақтау жүйесі, медицинаға қатысты келесі мәселелер көтерілді.
Мемлекет басшысы медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және
клиникалар ашылады деп атап өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді», – деп атап өтті.
Оның үстіне алдағы екі жылда 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.
Мемлекет басшысының дерегінше, ұлттық жоба аясында аудандық 32 аурухана жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.
«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен», – деді Президент.