Пациенттерді қолдау қызметі дегеніміз не?
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте медициналық қызметтер сапасының сараптамасына жіті назар аударылған. Сараптама жасау медициналық қызметтер сапасының деңгейін, олардың толық, стандарттарға сәйкес, тиімді және уақтылы көрсетілуін бағалауға мүмкіндік береді.
Сыртқы сараптаманы мемлекеттік органдар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және тәуелсіз сарапшылар жүргізе алады.
Ішкі сараптама медициналық ұйымның өзінде жүргізіледі, сол үшін онда пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтері (ПҚ ІСҚ) құрылады. Яғни медициналық ұйымдар деңгейінде пациенттердің шағымдарын қарастыратын қызмет құрылған. Қызмет қажет болған жағдайда пациенттердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдайды.
Пациенттерді қолдау қызметі қалай жұмыс істейді?
Пациенттерді қолдау қызметінің міндеті – ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын сараптау, сондай-ақ халықпен өзара қарым-қатынас орнату. Яғни өтініш пен шағымдарды қарау және пациенттердің медициналық қызметтерді алу процесінде туындаған жағдайларды реттеу. Қызмет ұйымның медициналық көмек сапасын басқару жөніндегі қызметін үйлестіреді. Яғни пациенттердің мәселелерін қарастырып, шешіп қана қоймайды, сонымен бірге өзінің кадрларын, жабдықтарын пайдаланудың тиімділігін бағалайды, медициналық көмек көрсету технологияларын, тегін көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету ережелерін сақтауды және медициналық сақтандыру бойынша қызметтерді тексереді, ақаулардың алдын алу, оны жою бойынша жұмыс істейді, медициналық көмек көрсету сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша персоналды үйретіп-оқытады.
Неге Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласу қажет?
– ыңғайлы тәсіл – мәселені бірден сол жерде дер кезінде шешуге болады, ешқайда барудың немесе қоңырау шалудың қажеті жоқ;
– Қызмет мәселені медициналық ұйымнан тыс жерге шығармай-ақ орнында шешуге мүдделі;
– Қызмет өз медицина ұйымындағы жағдайды, соның ішінде кемшіліктер мен қиындықтарды біледі, сондықтан туындаған мәселені тезірек шешеді;
– Қызметтің барлық қажетті ақпаратқа, ақпараттық жүйелерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар;
– Қызмет өз медицина ұйымының медициналық қызметкерлерімен таныс және дәрігермен келіс-сөздер жүргізу арқылы белгілі бір мәселелерді шешуге әсер етуі мүмкін;
– түсіндіру, кеңес беру сипатындағы мәселелер кезінде Пациенттерді қолдау қызметінің қызметкерлері өтініш білдірушінің мәселесін тез шеше алады;
– Қызмет басшылыққа тікелей жақын жерде болу арқылы анықталған құқық бұзушылықтар туралы оны жою мақсатында жедел шаралар қабылдау үшін басшылыққа жедел хабарлай алады;
– жалпы мәселені шешу көп уақыт алмайды.
*www.fms.kz сайтынан алынған