Ғани Тұрат
Бірінші санатты дәрігер хирург
Хирургия бөлімшесінің ординаторы
ҚЖШККА-да 2021 жылдан бастап істейді.
– Жалпы хирургияны таңдаған себебім – мұнда науқасқа көрсеткен көмегің көзіңе көрінеді. Отадан кейін науқастың сауығып кеткенін, істеген қызметіңнің нәтижесін көріп, қуанышқа бөленесің. Отадан кейін қанша шаршасаң да, ертең науқастың жақсы болатынын біліп шығасың. Сол көңілге зор медет. Науқастың, оның бала-шағасы мен жақындарының қуанғанын көргендегідей рахат сезімді еш жерден сезіне алмайсың. Олардың берген батасы, жүректерін жарып шыққан ізгі ниет-тілектері еш нәрсемен өлшенбейді.
– Жалпы, медицинада хирургия – элиталық сала. Кейбіреулер үшін жақсы хирург атану оңай сияқты көрінер. Хирург болу үшін бірінші тәртіп керек, мұнда әр нәрсе өз уақытымен, орнымен істелу керек. Хирург маман білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби әлеуеті жоғары, ойшыл, болашаққа жұмыс істейтін, өмірін осы жолға арнаған жан болу керек. Медицина бір орында тұрмайды, дамып келе жатыр. Сондықтан хирург та бір орында тұрмауы керек. Әрқашан дамып, ілгерілеп отыру керек. Техникасын шыңдауы қажет. Кәсіби білікті хирург болу үшін үш нәрсе – терең білім, еңбекқорлық, іскерлік қабілет керек. Қазіргі жағдайда хирург ота жасауға жүз пайыз диагнозбен бару керек. Ал кейбір жағдайда ота үстінде шешім қабылдауға тура келеді. Мықты хирург соны жылдам бағамдауға, қорытынды жасауға қабілетті болуы керек.
– Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының ұжымы, атап айтқанда біздің бөлімшеміздің ұжымының ауызбіршілігі ұнайды. Бұған басшылықтың үлесі зор. Бөлімшедегі жұмыс барысы тиімді де ыңғайлы ұйымдастырылған. Мәселен бір күн ота бөлімінде өтсе, келсі күн бөлімшеде науқастарды емдеумен-бақылаумен өтеді.