Дүниежүзілік ми туралы ақпарат апталығында біз ми аурулары, оларды емдеу және алдын алу туралы әңгімемізді жалғастырамыз.
Ең жиі кездесетін ми ауруларының бірі – инсульт. Инсульт – ми қан айналымының жедел бұзылуы. Ол ми жасушаларының зақымдануына әкеледі. Бүгінгі күні, өкінішке қарай, бұл ауру жасқа қарамайды.
Инсультке әкелетін ең көп тараған қауіп факторлары: гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жоғары холестерин және т.т. Бұның бәрі салауатты өмір салтын ұстанбаудың кесірінен: дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің болмауы, темекі шегу және алкогольді ішімдік ішу.
Инсульттің ишемиялық түрі – тамырдың бөлінген тромбпен бітелуі немесе атеросклеротикалық бляшканың өсуі нәтижесінде болады.
Ал геморрагиялық инсульт кезінде жоғары қысымның кесірінен тамыр жарылып, ми тініне, бассүйек қуысына қан ағып кетеді. Статистикаға сүйенсек, 4-5 ишемиялық инсультке 1 геморрагиялық инсульт келеді екен. Геморрагиялық инсульт (мидағы қан кету) салдары бойынша ауыр, оның кесірінен өлім қаупі 60-90%-ды құрайды. Инсульттан кейін науқастардың шамамен 50%-ы мүгедек болып қалады.
Инсульттің белгілері: кенеттен қатты бас ауруы және/немесе беттің ауыруы, көру немесе есту қабілетінің бұзылуы, құсу, бет бұлшықеттерінің әлсіздігі; бас айналу, қозғалысты үйлестірудің бұзылуы, жүрістің тұрақсыздығы, құлау; сөйлеудің бұзылуы (афазия), салдану (аяқ-қол, бет, тіл), жұтынудың бұзылуы, есте сақтау қабілетінің бұзылуы; конвульсиялық ұстамалар; тыныс алудың бұзылуы (шулы, жылдам тыныс алу) және т.т.
Алғашқы белгілер білінгеннен-ақ жедел жәрдем бригадасын шақырып, дәрігерлерге барлық белгілерді сипаттап беру қажет.
Осылайша, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөліміне 65 жастағы науқас қатты бас ауруы салдарынан инсультке күдікпен жеткізілді.
Мұнда науқастың қан қысымының ұзаққа созылған жоғарылауы аясында геморрагиялық инсульт орын алып, гематоманың пайда болғаны анықталды.
Аурухананың инсультолог және нейрохирург мамандарының уақтылы әрі үйлесімді жұмысының арқасында науқасқа ми ішілік гематоманы жою бойынша хирургиялық көмек көрсетілді. Ота сәтті өтті. Науқас реабилитациядан өтіп жатыр.
Өзіңізді күтіңіз, қан қысымыңызды бақылауды ұмытпаңыз. Сау болыңыз!