Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ауруханамыздың дәрігерлерімен таныстыруды жалғастырамыз.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ауруханамыздың дәрігерлерімен таныстыруды жалғастырамыз.
Желдібаев Нұркен Мұстафаевич
ҚЖШККА ота жасау бөлімінің меңгерушісі
Бірінші санатты хирург
2021 жылы «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісімен және ҚР халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталған.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына дейін №7 қалалық клиникалық ауруханада хирург, трансплантолог болып істеген.
– Бала кезден ақ халатты кию арманым болды деп айта алмаймын. Медицина мен үшін саналы таңдау болды. Әкем қашанда сұранысы болатын 3 мамандық бар – мұғалім, полиция және дәрігер деп таңдауды ұсынғанда, мен алғашқы екі мамандықтан бірден бас тартқан едім. Жоғары сыныптарда биология, тәнтану сабақтарын аса қызуғышылықпен оқитынмын. Оның үстіне уақыт өте келе медицинаны таңдауыма әсер еткен ағамның таңдауы болды. Ағама қарап, мен де дәрігер болғым келді.
– Медицинаның ішінде хирургияны таңдауыма ота бөлмесінің ерекше атмосферасы әсер етті. Меніңше, бұл нағыз ер адамдардың таңдауы. Басында 1-2-жылдары қиын болды, түнімен ұйықтамай ота бөлмесінде өткізген уақытта, басқа мамандық таңдауым керек еді деген ойлар болмады емес, болды. Дегенмен, осы таңдауыма еш өкінбеймін.
– Еңбек жолымды мейіргер ретінде 2007 жылы қалалық кардиология орталығының қабылдау бөлімі, жан сақтау, кардиохирургия бөлімдерінде бастаған едім. Ал хирург ретінде 2010 жылдан бастап, міне, 12 жыл қызмет етіп келемін.
– Хирург болу үшін, біріншіден, әрине, білім керек, әрі бұл білімді уақытқа сай, соңғы медициналық жаңалықтармен жетілдіріп отыру керек. Екіншіден, қажырлы еңбек. Талмай еңбек ету керек, көп тәжірибе жинау керек. Үшінші, ержүрек болу керек. Оның үстіне хирургияда сәттілік ешқашан артық етпейді.
– Жұмыс күніміз барлық дәрігерлердікі сияқты, науқастарды таңғы қарап өтуден басталады. Анализдерді қарау, тағайындаулар жасау. Содан кейін жоспарланған оталар орын алады. Жоспардан тыс шұғыл оталар да болады. Жұмыс күнінің соңы да науқастарды қарап өтумен аяқталады.
– Қолыңнан келгенше емдеудің барлық шара-амалын іске асырғанның өзінде, науқастың беті бері қарамай жатса – осы ең ауыры. Науқас үшін барыңды салып күресесің, бірақ қолыңнан басқа еш нәрсе келмейді. Дәрігер де адам, дәрігер де пенде…
– Мені де жұмысымда кез келген дәрігерді сияқты емделушінің жазылғаны, күлгені, саған ырза болғаны қуантады. Осы ғой біздің жұмысымыздың мәні.
– Қазіргі таңда науқастар көбіне өт жолдарының ауруымен түседі, әсіресе өт-тас ауруы, ұйқы безінің қабынуымен. Соның ішінде әйелдер осы аурулардың асқынуымен көп түсіп жатады. Университетте оқып жүргенде, ең көп түсетін науқастар аппендицитпен түседі деп айтатын. Қазір олай емес.
– Ота жасау бөлімшесінде науқас жүргізбейсің, біздің науқастар бір бөлімшенің ғана науқастары емес, барлық бөлімшелердің емделушілері. Мұндағы жұмыс оларға қажетті барлық нәрсені қамтамасыз ету, бақылаумен ерекшеленеді. Бұл жұмысты ұйымдастырудағы менің ең басты ұстанымым – тәртіп. Алға қойған мақсаттарға жетуге деген талпыныс. Медицинадағы соңғы стандарттардан хабардар болу. Мен бар жұмысты соңғы тәсілдермен ұйымдастыруға тырысамын.
– Бос уақытымды барынша жақындарыма бөлемін. Салауатты өмір салтын ұстанамын, спортпен шұғылданамын. Футбол ойнаймын, қыста шаңғы тебемін. Кішігірім роликтерге түсемін, актерлік өнерге де икемім бар. Уақытты жеткізсем болғаны… Негізі, талпынсаң, еңбектенсең біраз нәрсеге қол жеткізе аласың. Тек ешкімнің ала жібін аттамасаң болғаны… – деп түйіндеді дәрігер.