Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз

Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз

Жамашев Дәрмен Қуатұлы

Жоғары санатты травматолог, комбустиолог, м.ғ.к.
Еңбек өтілі – 24 жыл

– Менің әкем дәрігер болған. Сондықтан мен де медицинаны таңдадым, – дейді Дәрмен Қуатұлы. – Алматы мемлекеттік медициналық институтында педиатрға оқып жүрген кезімде-ақ жұмыс істей бастадым. Айтпақшы, еңбек жолымды сол 1994-95 жылдары осы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының кардиология бөлімшесінде мейіргер ретінде бастағам. Аспирантураны педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалар хирургиясы мамандығы бойынша оқыдым. Кейін сонда хирургия бөлімшесінде дәрігер ординатор болып істедім. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология, ортопедия кафедрасының ассистенті болдым.
2005 жылы «Балаларда терең және экстенсивті күйіктерді емдеудегі аралас ауто-брефопластика» тақырыбында балалар комбустиологиясы бойынша кандидаттық диссертациясыны қорғадым.
2007 жылы Мәскеуде пластикалық хирургия бойынша мамандандырудан өттім.
2011 жылдан бастап, міне, 10 жылдан бері, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында істеймін.

– Дәрмен Қуатұлы, айтыңызшы, комбустиология деген не?
– Комбустиология – күйік хирургиясы. Күйіктің де түр-түрі болады. Өздігінен емделетін беткейлік күйіктер бар. Хирургиялық емдеуді қажет ететін терең күйіктер бар. Олар теріні ауыстыру немесе сегменттерді кесуді қажет ететін хирургиялық отамен емделеді.
Егер адам күйгеннен кейін өзін нашар сезініп, ауырсынса, онда бұл дәрігерге көрінуге себеп болады. Комбустиологтар жаңа күйген жерлерді емдеп қана қоймай, ескі тыртықтарға да ота жасайды.

– Мен үшін ең бастысы науқастарға көмектесу, оларды емдеу. Адамдарға сұлулық сыйлау, – дейді дәрігер.