Алматы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері жүрегі мен өкпесі пышақпен жарақатталған адамды аман алып қалды
Жедел жәрдем бригадасы кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, жүрегі мен өкпесі зақымдалған науқасты ЖШККА қабылдау бөліміне жеткізді.
Бейбіт уақытта жүрек жарақаттары сирек кездеседі әрі өлімнің 70-80%-ға дейінгі жоғары деңгейіне әкеледі. Алматы тұрғынының айтуынша, ол жарақатты жанжал барысында танысынан алған. Оны өте ауыр жағдайда, жүрек аймағында үлкен қан кететін жарақатпен, тыныс алуы қиындаған, АҚ төмен және тахикардиямен жеткізді.
– Мұндай жағдайда науқасқа жедел көмек көрсету өте маңызды. Әрбір минут санаулы, – дейді Онласын Ибекенов, ЖШККА бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары. – Ер адамды бірден ота бөлмесіне жеткізді. Шокқа қарсы шаралар аясында хирургтар тобы торакотомия отасын жасады, яғни кеуде қуысын ашу арқылы хирургиялық араласу, сол жақ өкпенің жаралары мен жүрек жарасын тігу, қан кетуді тоқтату және плевра қуысын ағызуды іске асырды.
Науқас төрт литрге жуық қан жоғалтты. Ота кезінде пациент 11 доза қан мен плазманы қабылдады.
– Соңғы жылдары пышақ жарақаттарымен түскен науқастар саны азайды, – деп атап өтті Онласын Ибекенов, – Бұл қаладағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына байланысты. 90-жылдары, 2000-жылдардың басында пышақ не мылтық жарақаттары болмаған кезекшілік сирек кездесетін. Мереке және демалыс күндері мұндай жарақаттармен бірнеше науқас жеткізілетін.
Бір жарым сағаттық ота хирург, реаниматолог және оталық бөлім медициналық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде пациент оныншы күні ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.
Аурухана дәрігерлері Алматы жедел жәрдем науқастарына көмек көрсетуді жалғастырып келеді. Адамдарды құтқару – олардың кәсібі. Ауруханада күніне отыз беске дейін әр түрлі ота жасалады.