Қаңтардың 10-ы Қазақстан бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні
Бұл күні бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы кейінгі күндері болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларының қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
«Біз қабырғамыз қайысып, орны толмас қайғыны бірге бөлісеміз. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Жағдай әу бастан Мемлекет басшысының бақылауында. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт өмірді қалпына келтіру жөніндегі шешімдері мен іс-әрекеттерін қолдаймыз», – дейді аурухананың бас дәрігері Джувашев Алмаз Болатұлы.
ҚЖШККА осы күндері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аурухананың қабылдау бөліміне қысқа мерзімде 200-ден астам адам түсті.
Жалпы, қаңтардың 4-нен қабылдау бөлімшесіне 284 адам жеткізілді. 12 ота жасайтын бөлме тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрды. 258 ота жасалды.
Науқастарды қабылдаудың ауқымдылығын ескере отырып, триаж жүйесі өзін өте жақсы танытты. Аурухананың барлық профильдері мен қызметтері демалыссыз жұмыс істеді. Аурухананың 200-ден астам қызметкері өжеттік танытып, қорықпай-үрікпей күндіз-түні еңбек етіп, кәсіби борышын атқаруды жалғастырды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылғы қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында төтенше жағдай жарияланған.
Сақтық танытып, барынша қырағы болуды сұраймыз.