Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз Досжанова Шынар Нұрадинқызы

Аурухана дәрігерлерімен таныс болыңыз

Досжанова Шынар Нұрадинқызы

Жоғары санатты дәрігер невропатолог
Медицина ғылымдарының магистрі
Жалпы еңбек өтілі – 15 жыл
Бір жылдан астам ҚЖШККА №1 инфекциялық бөлімшесінің меңгерушісі

– Дәрігер болуды бала кезінен армандайтындар аз емес, – дейді Шынар Нұрадинқызы. – Менің таңдауыма отбасым әсер етті: әкем невропатолог болған. Мен оның жұмысына барып тұратынмын, ол науқастарды қалай қабылдайды, қандай көмек көрсететінін – акупунктура, түрлі блокадаларды қызығып бақылайтынмын. Сауығып кеткен науқастар оған жиі-жиі алғыс білдіріп жататын. Содан мен де невропатолог мамандығын таңдап, әкемнің жолын қуамын деп шештім.
Әкем менің есімде қасындағы адамдардың тағдырына бей-жай қарамайтын, тынымсыз еңбек ететін, өзгелерге үлгі бола білген тұлға болып қала бермек.
Бүгінде әкемнің атында клиника қызмет көрсетеді, бұл оның өмірлік мұрасы деп білемін…

– Дәрігердің жұмысында ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу. Пациенттермен қарым-қатынас белгілі бір дағдыны, шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Үнемі білімін арттырып, кәсіби өсуге дайын, науқас атаулыға көмектесуге бел буған адамдар ғана медицина саласына түсуі керек, – дейді Шынар Досжанова.

– Соңғы 2 жылда біз арнайы костюм киіп жұмыс істеуге үйреніп қалсақ та, бұл біздің жұмысымыздың қиын сәттерінің бірі болып қала береді. Тәж індетімен «күрес» – бұл бүкіл инфекциялық бөлімшенің, бүкіл аурухананың командалық жұмысы. Медбике, кіші медбикелердің жұмысынан бастап, дәрігерлер мен аурухана әкімшілігінің қолдауымен біз пациенттеріміздің денсаулығы үшін бірге күресеміз. Бөлімшенің әрбір қызметкерінің еңбегін атап өткім келеді.
Ковид-19 ауруының ерекшелігі – оны болжау мүмкін емес, тромбоз және тромбоэмболия сияқты асқынулар жиі орын алады.
Сондықтан сақтанып жүріңіз. Барлық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Вакцинация мен ревакцинация туралы ұмытпаңыз – бұл аса маңызды. Егер ауырып қалсаңыз, өздігіңізден емделудің қажеті жоқ.

Міндетті түрде дәрігерге көрініңіз.