ҚЖШККА дәрігерлері бірден екі ота жасап күрделі инсультпен түскен тағы бір науқасты аман алып қалды
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері субарахноидальды қан кету түріндегі алдыңғы байланыс артериясының қапшық аневризмасы жарылған ми қан айналымының жіті бұзылысы деген диагнозбен түскен науқасты аман алып қалды. 60 жастағы алматылық азамат шұғыл түрде аурухананың инсульт бөліміне жеткізілген.
Субарахноидальды қан кету кезінде өте қатты бас ауруы, сананың жоғалуы немесе бұзылуы орын алады. Мұндай жағдайда көбінесе қайталама қан тамырларының құрысуы дамиды, бұл өз кезегінде тұрақты бас ауруы тудыратын ошақталған ми ишемиясын, менингизм және гидроцефалияны тудырады. Диагноз КТ немесе МРТ нәтижелеріне негізделіп қойылады.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін науқас нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды, мұнда науқасқа арезорбтивтік гидроцефалия диагнозы қойылған. Бұл субарахноидальды кеңістікте сіңіру жеткіліксіз болудың салдарынан орын алады.
Нейрохирург мамандар науқасқа бірден екі ота жасау шешімін қабылдады. Әуелі жалпы интубациялық наркозбен алдыңғы байланыс артериясының қапшық аневризмасын эмболизациялау отасы жасалды. Ол аяқталғаннан кейін бірден орташа қысымды шунтпен вентрикулоперитонеальді шунттау отасы жүзеге асырылды.
Бұл ота гидроцефалия пайда болған бассүйек қуысынан сұйықтықтың ағуы үшін айналма жолды құруға бағытталады. Мұндай ота кезінде пайдаланылатын шунт жүйелері «өткізу қабілетіне» байланысты негізгі үш түрге бөлінеді. Науқас үшін оңтайлы қысымды таңдау қашанда қажетті терапиялық әсерге қол жеткізудің негізі болып табылады, өйткені жүйені дұрыс таңдамау ми жұлыны сұйықтығының жеткіліксіз немесе керісінше шамадан тыс ағуына әкелуі мүмкін.
Екі отаны нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли, нейрохирургия кафедрасының ассистенті Евгений Жуков, нейрохирург Максим Аргумбаев бастаған топ жасады. Анестезиолог – Ринат Қасенов, оталық медбике – Эльмира Аюпова.
Қазіргі уақытта науқас бөлімшеде оңалтудың бастапқы кезеңінен өтіп жатыр.