Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) 52 жасар пациент ми қан айналымының жіті бұзылуымен түсті. Селективті церебралды ангиография жүргізу барысында оң жақ ішкі ұйқы артериясының қауіпті тарылуы – субокклюзиясы анықталды. Бұл жағдай өмірге зор қауіп төндіріп, қайталанатын инсульттің себебі болуы мүмкін еді.
Пациентке шұғыл түрде рентгеноэндоваскулярлық стенттеу отасы жасалды. Бұл әдіс ашық хирургиялық араласусыз қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді: қан тамырына кішкене тілік арқылы катетер енгізіліп, артерияның зақымдалған бөлігін кеңейтетін арнайы стент орнатылады.
Ота жергілікті анестезиямен 30 минут ішінде жасалды.
Нәтижесінде ми қан айналымы қалыпқа келіп, инсульттің қайталану қаупі төмендеді.
Ота жасаған топ:
Константин Ли – ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі
Максим Аргумбаев – нейрохирург
Маркабай Умирбаев – мейіргер.
“Ұйқы артериясының тарылуы – ишемиялық инсульттің негізгі себебінің бірі. Заманауи әдістер бізге мұндай патологияны емдеп қана қоймай, оның ауыр зардабын болдырмауға мүмкіндік береді. Эндоваскулярлық стенттеу – қан айналымын қалпына келтірудің тиімді әрі аз жарақаттайтын тәсілі,” – деп атап өтті Максим Аргумбаев.