Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына өттас ауруының сирек кездесетін асқынуымен түскен науқасқа ота жасалды.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына өттас ауруының сирек кездесетін асқынуымен түскен науқасқа ота жасалды.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 71 жастағы әйел ауыр жағдайда жеткізілді. Науқас ішінің жоғарғы бөлігіндегі қатты ауырсынуға, құсуға, жүрек айнуға, үлкен және кіші дәрет жүрмей қалғанына, сондай-ақ зәрдің күңгірттенуі мен көздің ағының сарғайғанына шағымданған.
Науқаста 2012 жылдан бері өт қабына тас байлану ауруы бар, бірақ осы күнге дейін ешқандай ұстама болмаған. Соңғы екі күн жағдайы күрт нашарлаған.
Хирург Нурхат Есенбековтың тексеруінен кейін науқасқа ірі өт тасының холецистодуоденалды жыланкөз арқылы таралуы кесірінен пайда болған жіті аш ішек өтімсіздігі диагнозы қойылды.
Науқастың жағдайын ескере отырып, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды.
Ота жасау бригадасы: хирург – Нурхат Есенбеков, ассистент Даурен Абдуалиев, анестезиолог – Алибек Сатыбалдиев
Лапаротомия. Энтеротомия. Өт тасын алып тастау. Ішек өтімдігін қалпына келтіру. Құрсақ қуысын дренаждау отасын жасады.
Ота барысында ішектің ішінде өлшемі 5,5×4,5 см болатын ірі өт тасы анықталды – дәл осы тас ішектің бітелуіне себеп болған. Сонымен қатар өт қабы мен ұлтабар арасында пайда болған жыланкөз табылды. Бұл – өттас ауруының өте сирек әрі ауыр асқынуы.
Ота 1,5 сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Тас алынып, ішек сақталып қалды.
«Науқаста өттас ауруының өте сирек, өмірге қауіп төндіретін түрі – өт тасы ішекке түсіп, оны бітеп тастаған жағдай тіркелді. Ұзаққа созылған қабыну салдарынан өт қабы мен ішек арасында тесілу болып, сол арқылы ірі тас ішекке түсіп кеткен. Мұндайда тек жедел ота ғана адам өмірін сақтап қала алады. Біз тасты алып тастап, ішектің өткізгіштігін қалпына келтірдік», – деп түсіндірді ота жасау бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург Нурхат Есенбеков.
Отадан кейін науқас емдеуші дәрігер Меруерт Булантаеваның бақылауында ем қабылдап, физиотерапевт-реабилитологтың қатысуымен оңалту курсынан өтті. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, үйіне шығуға дайындалып жатыр.
Анықтама үшін:
Өт тасы ішекке түсіп, оны бітеп тастауы – өттас ауруының сирек кездесетін өте қауіпті асқынуы. Бұл көбіне жылдар бойы жүріп, асқынған өттас ауру кезінде пайда болады. Ішек бітелген кезде адамда іштің қатты ауыруы, жүрек айну, құсу, үлкен дәрет пен газдың жүрмеуі байқалады.
Егер дер кезінде көмек көрсетілмесе, ішек тесіліп, өлімге әкелуі мүмкін.
Есте сақтаңыз!
Ішіңіз ауырып, жүрек айну, құсу, сарғаю сияқты белгілер пайда болса – дәрігерге қаралуға асығыңыз.
Уақтылы көрсетілген медициналық көмек – өмір мен өлім арасындағы шешуші фактор.