Қостанай облысында орын алған қасіретті жағдайға қарай барша ел мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қызметкерлері де шет қалмай, Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындар үшін бір күндік жалақысын – 6 миллионнан астам теңге аударды.
Жалпы ауруханалық жиналыста аурухананың бас дәрігері Қостанай облысының тұрғындарына көмек көрсету туралы ұсыныс жасады. Ұсынысты аурухана ұжымы бірауыздан қолдап, дауыс берді.
“Қостанай облысында болған өрттің салдарынан елді мекен, орман қоры мен шаруашылық алқаптар айтарлықтай зардап шекті. Өкінішке қарай, өрт салдарынан бір адам қаза тапты. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Облыс тұрғындары үшін осындай қиын кезеңде зардап шеккендердің сауығып кетуіне және жағдайдың тезірек қалыпқа келуіне тілектеспіз.
Біздің күшіміз – бірлікте!», – деп атап өтті аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев.
ҚЖШККА ұжымы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қиын кезеңде мүмкіндігінше көмек көрсетуді жөн көрді.