Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында (ҚЖШККА) Халықаралық мейіргерлер күніне орай салтанатты жиын өтті.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында (ҚЖШККА) Халықаралық мейіргерлер күніне орай салтанатты жиын өтті.
Бүгінде ҚЖШККА-да бас медбике Алуа Нургазымовнаның қоластында 347 орта медперсонал жұмыс істейді.
Салтанатты жиынды ашқан аурухана бас дәрігері Алмаз Джувашев аурухана ұжымының негізін құрайтын орта медперсоналдың өз ісіне деген адалдығы, пациенттерге деген мейірімділігі үшін алғыс білдіріп, мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.
Мерекеге орай 16 медбике мен 4 мейіргер аурухана бас дәрігері атынан құрмет қағазымен марапатталса, гинекология бөлімшесінің аға медбикесі Айсұлу Смагулова және травмпункт медбикесі Нұргүл Ашимова арнайы төсбелгімен марапатталды.
Іс-шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы атынан грамотамен тағы 4 аға медбике мен 1 аға мейіргер марапатталды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният атынан алғыс хатпен анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің аға медбикесі Бақытгүл Абирова денсаулық сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін марапатталды.
Сондай-ақ, “Aqniet” қазақстандық медициналық қызметкерлердің салалық кәсіподағы атынан төсбелгімен қабылдау бөлімінің аға медбикесі Гүлзира Боранбаева марапатталса, тағы 3 медбике грамотамен марапатталды.
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Салтанатты жиын аурухана әкімшілігі мерекеге орай арнайы шақырған Алматы қаласы Орталық концерттік оркестрі квартетінің өнерімен жалғасты.
Мерекелік құттықтау аурухана қызметкерлерінің дайындаған “түрлі-түсті” концерттік бағдарламасымен аяқталды.