Медбике мамандығында күрделілік пен жауапкершілік дәрежесі бойынша ең қиыны да абыройлысы – оталық медбике.
Бүгін, ақпанның 15-і оталық медбикелердің кәсіби мерекесі.
Ота атаулының сәтті өтуі көптеген факторларға: хирургтың, анестезиологтың, ассистенттердің, оталық медбикенің, тіпті кіші медбикенің шеберлігіне байланысты. Сонда да оталық медбикенің рөлі ерекше. Бір қарағанда, оталық медбикенің қолында – сенімділік, көзінде – мейірімділік. Ал мұқият қарасаңыз, оның әрбір әрекетінде жинақылық, тиянақтылық пен зейіннің шоғырлануын байқайсыз. Ол хирургты сөзсіз, әр көзқарасы мен қимылынан-ақ түсінеді. Оның үстіне науқасты та назардан тыс қалдырмайды, отаның барысын бақылайды.
– Менің медицинадағы жалпы еңбек өтілім 34 жыл болса, оның 31 жылы оталық бөлімде өткен. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында мен 19 оталық медбике үшін жауаптымын. Бізде 9 оталық бөлме бар. Тәулігіне 35-ке дейін шұғыл және жоспарланған ота өтуі мүмкін. Жоспарлы оталар сағат төртке дейін, ал шұғыл оталар тәулік бойы жүргізіледі, – дейді ҚЖШККА оталық бөлімінің аға медбикесі Алмабаева Ғалия Жақсылыққызы.
Жақсы оталық медбике болу үшін – отаның барысын, қыр-сырын, қандай құралдар қажет болуы мүмкін екенін және ықтимал ауытқуларды білу үшін – оталық бөлмеде кемінде бес жыл жұмыс істеу керек. Фильмдерде хирург «скальпель, қысқыш» және т.б. деп айтып отырады. Шын мәнінде, мінсіз оталар толық тыныштықта өтеді.
– Ота бөлмесі маған өте жақын, оны басқа ештеңеге де ауыстырмас едім, – дейді отадан шыққан Айтолқын Бектұрғанқызы. – Оталық медбике жинақы, өз жұмысына ұқыпты, ота кезінде мұқият болуы керек, құрал-майлықтардың қолданылуын бақылап отыруы керек. Оталық медбике болу оңай емес. Сағаттап бір орында тұрып тұру қиын, ота кей кезде 5-10 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Сонда да біздің мамандық өте қызық, өйткені бірдей оталар болмайды. Әрі біз үнемі білімімізді кеңейтіп, жетілдіріп, біліктілігімізді арттырып отырамыз.
Бексұлтанова Айтолқын Бектұрғанқызы – жоғары санатты оталық медбике, төрт баланың анасы. 1993 жылы колледжді бітіргелі оталық бөлімде, міне, 29 жыл істейді. Оның ішінде ҚЖШККА-да 10 жыл қызмет етіп келеді.
Сәтті отадан кейін пациент, әдетте, хирургке, отадан кейін қараған медбикелерге алғысын білдіріп жатады. Ал оталық медбикелер көп жағдайда назардан тыс қалып қалады.
– Әріптестеріме, оталық топқа алғыс білдіремін, – деп жалғастырады Айтолқын Бектұрғанқызы. – Өйткені, біз бір командамыз – хирург, анестезиолог, оталық медбике, кіші медбике. Біз үшін ең бастысы – науқастың отадан кейін өзін жақсы сезінуі. Әр отадан кейін біз науқас үшін алаңдаймыз, реанимацияда олардың жағдайын сұрап, біліп отырамыз. Олар сауығып, аяқтарынан тұрып кетсе, біз үшін содан артық қуаныш жоқ.
Осы сәтті пайдалана отырып, әріптестерімді – оталық медбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Ең бастысы зор денсаулық, шыдамдылық, қажымас қайрат тілеймін.
Біз де құттықтауға қосыламыз және оталық бөлім медбикелеріне бар жақсылықты тілейміз!