МӘМС жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілді – Президент тиісті заңға қол қойды

МӘМС жүйесіне маңызды өзгеріс енгізілді – Президент тиісті заңға қол қойды
Барлық өзгеріс 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Төменде ең басты өзгерісті ұсынамыз
1. Сақтандыру мәртебесін сақтау жеңілдейді
Егер азамат кемінде 5 жыл қатарынан МӘМС жарнасын төлеген болса, уақытша төлем тоқтаған жағдайда 6 айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұрын – 3 ай болатын).
Бұл жұмысынан айырылған немесе табыссыз қалған азаматтар үшін маңызды.
Кейін сол кезеңге қатысты қарызды өтеу қажет болады.
2. Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі
2026 жылдан бастап:
✔️ Онкоскрининг барлық азамат үшін тегін болады (МӘМС мәртебесіне қарамастан);
✔️ 8 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша (туберкулез, ВИЧ, гепатиттер, психикалық және онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт және т.б.) консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Бұрын бұл тек 2 ауруға (туберкулез, АИТВ) қатысты болатын.
3. МӘМС базалық пакетінің кеңеюі
2026 жылдан бастап қосылады:
– Амбулаторлық диализ
– Консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек
– Бұл көмек 12 созылмалы ауру тобы бойынша көрсетіледі (бауыр, қан, асқазан-ішек жолы, қалқанша без, тыныс алу жүйесі, туа біткен ақаулар және т.б.)
4. Жарна есептеу шегінің өзгеруі
2026 жылдың қаңтарынан бастап:
Жұмыс беруші үшін – 40 ЕТЖ
Қызметкер үшін – 20 ЕТЖ
Бұл жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, салық жүктемесінің шектен тыс өсуін болдырмайды.
5. Мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері артады
Мемлекет 15 жеңілдік санатындағы азамат үшін жарна төлейді (балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және т.б.):
2027 жылы – 2,2%,
2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін өседі
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады.
6. Халықты қамту аясын кеңейту
Бүгінде халықтың 83%-ы сақтандырылған, ал 3,3 млн адам жүйеден тыс қалып отыр.
Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік осал топтар (D және Е деңгейі) мен ресми тіркелген жұмыссыз үшін жарнаны өз бюджеті есебінен төлейді.
Бұл шаралар шамамен 1 миллион адамды қосымша қамтуға мүмкіндік береді.
Барлық өзгеріс Қазақстан халқына медициналық көмекті қолжетімді, әділ әрі тұрақты етуге бағытталған.
Жаңа нормалар 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен күшіне енеді.