Жаңа жылды дәрігерлердің бәрі үйде, отбасымен бірге қарсы ала алмайды – 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні кезекшілікте болып, шұғыл көмекке мұқтаж науқастарды қабылдайды.
Әдетте Жаңа жылдық мереке кезінде басқа күндерге қарағанда қабылдау бөліміндегі ауысым қарқынды өтеді. Бұған себеп Жаңа жылдық мерекелер кезінде емханалар жұмыс істемейді, медициналық көмекке мұқтаж адамдар бірден ауруханаға жүгінетіні болса керек.
Жаңа жылдық ауысым қалай өткені, Жаңа жыл түні ауруханаға қанша науқас түскені туралы ҚЖШККА қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров әңгімелейді:
– Жаңа жылдық ауысым әр түрлі өтеді. Кейде кезекші дәрігерлер қолы босамайтыны сонша, сағат тілі 12-ні көрсеткенін байқамай да қалады. Кейде уақыт болса, бір-бірін құттықтауға үлгереді.
2022 жылдың 31 желтоқсанынан 2023 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 122 адам түсіп, оның 27-сі ауруханаға жатқызылды.
Бұл өткен жылғы Жаңа жылғы түнмен салыстырғанда сәйкесінше 32 және 15 адамға көп.
– Көбінесе адамдар аурудың өршуімен түсті, 35 адам жарақатпен, оның ішінде: 2 адам жол апатынан және 1 адам петардадан зардап шексе, қалғандары тұрмыстық және көше жарақаттары.
Өткен жылы Жаңа жыл түні жол апаты мен петардалардан зардап шеккендер болмаған, – дейді Бауыржан Омаров.
– Әдеттегі ауысыммен салыстырғанда, Жаңа жыл түні науқастар біршама аз болды, қарапайым күндері қабылдау бөлімі 170-190 адам қабылдаса, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында 122 науқас түсті.
Бауыржан Омаровтың өзі Жаңа жыл түнін еңбек жолының басында ауруханада 2 рет қарсы алған.
Бұл күні кезекшілікте болған медицина қызметкерлері Жаңа жылды әдетте екі күн кейін қарсы алады – келесі күні олар мерекелік ауысымнан кейін қалпына келеді.
2022 жылдың 31 желтоқсанынан 2023 жылдың 1 қаңтарына қараған түні ҚЖШККА қабылдау бөлімінде 30 қызметкер кезекшілікте болды.