Әріптесіміз Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (ҚЖШККА) қабылдау бөлімінің қызметкері Қанат Ринат Қанатұлы алғыс хатпен марапатталды.
«Mega Center Plus (Мега Центр Плюс)» АҚ Ринат Қанатұлын «Mega Alma-Ata» сауда орталығына келушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетудегі жоғары кәсібилігі, жұмысына берілгені және жедел әрекеті үшін алғыс хат табыстады.
Ерен еңбек пен адалдық елеусіз қалмағаны үшін қуаныштымыз!
Біздің командада кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын маман бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл адам өмірі мен денсаулығына қамқорлықтың нағыз үлгісі!
Қанат Ринатұлы 2016 жылы Алматы медициналық колледжін тәмамдағаннан кейін бірден ҚЖШККА-да жұмыс істей бастады. 7 жыл ішінде қабылдау бөлімінің жара таңу, травматология, нейрохирургия, хирургия, неврология, терапия, инсульт бейіндері бойынша қызмет етті.
Ринат Қанатұлы туралы оның басшылығы мамандығын, білімін қашанда жетілдіруді мақсат етіп, оқыту мен іс-шарадан қалмайтын, белсенді қызметкердің бірі дейді.
Ринаттың айтуынша, қабылдау бөлімінде шұғыл науқас және оның жақындарымен жұмыс істеу оңай емес, оларға сәйкес көмек көрсете білу кез келген адамның қолынан келе бермейді.
Науқастың ауыр жағдайы туралы жақындарына айтып түсіндіру, түрлі диагнозды жеткізу де жеңіл бола бермейді.
“Әр науқасқа қолымыздан келгенше көмек бере алсақ – соның өзі қуандырады. Көмекке мұқтаж болып келген әрбір адамға, жас болсын, үлкен кісі болсын, қолымыздан келгенше жәрдем беріп, алғысын алсақ, “рахмет” деген бір ауыз сөзі – біздің жұмыста қуаныш сыйлайтын нәрсе деп білемін.
Қазір білім заманы, білім алу керек, медицинада қателік кешірілмейді, медицинаны таңдаған адам үшін ең бастысы – білім. Сондай-ақ темірдей төзім керек, салмақты да сабырлы болу керек. Медицина жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Тез арада ем көрсете алатындай болу керек”, – деп түйіндеді Ринат Қанатұлы.