Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін – Алматыда халықаралық семинар өтті

Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін – Алматыда халықаралық семинар өтті
2025 жылғы маусымның 17-сінде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында «Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін» атты халықаралық оқу семинары өтті.
Басқосуға невролог, кардиолог, реаниматолог және өзге де бейінді мамандар қатысып, инсульт пен оған ілеспе ауруларға шалдыққан пациенттерді емдеу мен оңалтудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Іс-шараны ұйымдастырған ҚЖШККА және «Азия Жүрек және Ми қоғамы» қоғамдық бірлестігі болды.
Семинардың модераторы – медицина ғылымдарының кандидаты, ҚРМУ қосымша білім беру институтының «Неврология және нейрореабилитация» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курсының жетекшісі Айгүл Құдайбергенова:
«Инсультке қарсы жалғыз күресе алмайсың. Пациентке нақты әрі жылдам көмек көрсету команда болып жұмыс істегенде мүмкін болады. Біздің бүгінгі мақсатымыз – тәжірибе алмасып, әр елдің тиімді тәсілдерін үйлестіре отырып, пациентке көмек көрсетудің оңтайлы жолын қалыптастыру», – деп атап өтті.
Семинар аясында алғашқы болып сөз алған АҚШ-тан арнайы шақырылған профессор Евгений Сидоров болды. Ол – Оклахома университетінің неврология кафедрасының профессоры әрі инсульт орталығының жетекшісі.
Профессор «Инсульттің жедел кезеңіндегі және коматозды жағдайдағы пациентті басқару. Халықаралық ұсынымдар» тақырыбында баяндамасында тромболитикалық терапияны уақтылы қолданудың маңызын АҚШ-тағы клиникалық тәжірибелерден мысал келтіре отырып: «Тромболизис – ишемиялық инсульттің алғашқы сағатында өмірді сақтап қалудың алтын стандарты. Алайда оның нәтижелігі – жедел шешім қабылдауға, пациентті жеткізу тізбегінің нақты жұмыс істеуіне және медициналық бригаданың үйлесімді қимылына тікелей байланысты», – деп ерекше атап өтті.
Одан кейін сөз алған Айгүл Құдайбергенова «Инсульттен кейінгі бұзылыстар. Халықаралық және жергілікті оңалту стратегиялары» атты баяндамасында Қазақстандағы оңалту қызметін ұйымдастыру тәжірибесін бөлісті. Ол елімізде халықаралық хаттаманы енгізудің оң нәтижелерін нақты клиникалық мысалдар арқылы көрсетті.
Семинар аясында тағы бір маңызды баяндаманы медицина ғылымдарының кандидаты, кардиолог-тромболог, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, «Қазақ тромбоз және гемостаз қоғамының» төрағасы Сугралиев Ахметжан Бегалиевич «Гипертониясы бар пациенттерде инсульттің алғашқы және қайталама профилактикасындағы терапевт рөлі» тақырыбында ой толғады.
Бағдарламаның жалғасы ретінде профессор Сидоров «Инсульттен кейінгі спастика мен ауырсыну. Шешу жолдары» тақырыбындағы екінші баяндамасын ұсынып, инсульттен кейінгі өмір сапасын төмендететін негізгі мәселелер мен оларды емдеудің қазіргі тәсілдерін сөз етті.
Семинар соңында Ахметжан Сугралиев пен Айгүл Құдайбергенова қатысқан ашық форматтағы диалог өтті. «Инсульттен кейінгі қосымша аурулары бар пациентті жүргізу: невролог пен кардиологтың көзқарасы» атты бөлімде олар нақты клиникалық жағдайды талдап, емдеудің әр кезеңін – ауруханаға түскен сәттен бастап амбулаториялық бақылауға дейінгі жолды саралады.
Кездесу ашық пікірталаспен аяқталды. Қатысушылар мамандарға сұрақ қойып, күнделікті тәжірибеде кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салды.
Халықаралық семинар медицина мамандары үшін инсульттің салдарымен күресте бірлескен әрекеттің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Мұндай іс-шара дәрігерлердің кәсіби дамуына, түрлі сала өкілдерінің өзара ықпалдасуына және озық тәжірибенің таралуына мол мүмкіндік береді.