ҚЖШККА хирургтары сирек кездесетін асқазан-ішек патологиясы бар науқасты аман алып қалды
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасы этиологиясы белгісіз асқазан-ішектен қан кету, 3-4 дәрежелі геморрагиялық шок және ауыр анемиямен (гемоглобин – 30 г.л) 1960 жылы туған науқасты жеткізді.
Науқастың жақындарының айтуынша, науқаста қан құсу, қайталап қара нәжіс орын алған. Бұған дейін этиологиясы белгісіз асқазан-ішектен қан кету диагнозымен науқас бірнеше рет ауруханаға жатқызылған. Амбулаториялық тексерілген, ФГДС қорытындысы бойынша үстіңгі гастрит, колоноскопияда созылмалы сыртқы және ішкі 2-3 дәрежелі геморрой анықталды, геморроидальды қан кету белгілері жоқ. Сонымен қатар, науқас 2-типті қант диабетімен ауырады, әрі бауыр циррозы диагнозымен гепатологта есепте тұр, бірақ ем қабылдамайды.
Реанимация бөлімінде науқасқа қайталама ФГДС жасалды, онда атрофиялық гастрит анықталды, бірақ қан кету көзі табылмады. Іш қуысына жасалған КТ-да көкбауыр инфарктісінің суреті көрінеді. Асқазанның проекциясында және үлкен шарбыда түзілім. Өт тас ауруы. Созылмалы калькулезді холецистит.
Науқасқа бірнеше аурудан тұратын диагноз қойылды:
1. Жіті Дьелафуа ойық жарасы
Дьелафуа ойық жарасы – асқазан-ішек жолдарының шырышты қабатында орналасқан туа біткен артериялық ақаудың тозуы немесе жыртылуы нәтижесінде пайда болатын жедел гастродуоденальды қан кету. Дьелафуа жарасын емдеу шұғыл хирургиялық араласуды қажет етеді.
2. Көкбауырдың апостематозы.
3. Құрсақ қуысының эхинококкты кистасы (паразиттік киста).
Диагнозды ескере отырып, науқас өмірін сақтап қалу үшін оған шұғыл түрде ота жасалды.
Лапаротомия, гастротомия, ойық жараны тігу. Спленэктомия. Іштегі түзілімді алып тастау (3 киста). Құрсақ қуысын тазалау және дренаждау отасын операциялық бригада – хирургия бөлімі меңгерушісінің м.а. Н.Есенбеков (Нурхат Бахытович Есенбеков), хирург Д.Абдуалиев және ординатор дәрігер Д.Мырзаш, анестезиолог: Б.Баженова, оталық медбике: У.Рысбай жүзеге асырды.
Ота 5 сағат 15 минутқа созылып, сәтті өтті.
“Хирургтер тәжірибесінде Дьелафуа жарасы сирек кездесетін және қауіпті жағдайдың бірі. 14 жылдық тәжірибемде мұндай ойық жараны бірінші рет көруім. Отаның қиындығы қан кету көзін табуда болды. Арнайы эндоскопистер шақырылды, эндоскопия кезінде асқазан қанға толы болуына байланысты қан кету көзі табылмады. Сондықтан гастротомия жасалып, асқазанның антральды бөлігінде қан кету көзі анықталды. Дьелафуа ойық жарасын анықтау өте қиын. Дьелафуа ойық жарасы белсенді қан кету немесе қан жоғалтудың айқын көзін табудың қиындығына байланысты өлімге әкелуі мүмкін», – дейді хирургия бөлімшесі меңгерушісінің м.а.Нұрхат Есенбеков.
Науқас отадан кейін 9-күні қанағаттанарлық жағдайда тұрғылықты жері бойынша емханада дәрігерлердің бақылауына үйге шығарылды.