“Мектепке жол” – игі дәстүр жалғасып келеді

“Мектепке жол” – игі дәстүр жалғасып келеді
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жыл сайынғы дәстүрге айналған игі шара – қызметкерлердің 1-сыныпқа баратын балаларына толық қамтылған мектеп сөмкелерін сыйға тарту жалғасын тапты.
Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында 28 бүлдіршін осындай сыйлыққа ие болды. Олардың ішінде УДЗ дәрігері Лузана Оразбаеваның 2 ұлы – Дінмұхаммед пен Райымбек те бар.
Бүгінде бір баланың өзін мектепке дайындау оңай шаруа емес, біраз шығынды талап етеді. Ал екі бірдей бала үшін толық қамтылған мектеп сөмкесін сыйға алу ата-ана үшін зор көмек әрі демеу екені сөзсіз.
Салтанатты рәсімде аурухана директоры Алмаз Джувашев пен кәсіподақ төрағасы Алтынай Усманова бүлдіршіндерге мектеп сөмкесін табыстап, жаңа оқу жылында табыс тіледі.
«Мектепке алғашқы қадам – әр бала үшін айтулы күн. Осы сәтте қуаныш сыйлау – біз үшін үлкен мәртебе. Жыл сайын балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың ата-анасына да қолдау көрсетуге тырысып келеміз. Әріптестерімізге тек жұмыс барысында емес, осындай маңызды сәтте де қамқор болу – басты міндетіміз», – деді Алмаз Джувашев.
Ата-аналар да жүрекжарды алғысын білдірді:
«Балаларымызға жасалған бұл сыйлық бізге зор қуаныш сыйлады. Осындай қолдау біздің отбасымызға үлкен демеу болды», – деп ризашылығын жеткізді.
Жаңа оқу жылы құтты болсын! Алғашқы қоңырау сәттіліктің қоңырауына айналсын!