Алматы қаласына Атыраудан арнайы медициналық тексерілуге келген 35 жасар ер адамның жағдайы күрт нашарлап, ол жедел жәрдеммен Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) қабылдау бөліміне аса ауыр халде – геморрагиялық есеңгіреу және іштен қан кету белгілерімен түсті. Есін бір біліп, бір білмей жатқан науқаста аса көп мөлшерде қан кеткендіктен гемоглобин мөлшері төмен (60) болды. Оның үстіне, науқас бұған дейін панкреонекроз диагнозымен емделген екен.
Барлық қажетті диагностикалық тексеру жүргізілгеннен кейін, дәрігерлер консилиумы шешімімен науқасқа шұғыл түрде ота жасау шешімі қабылданды.
Диагностикалық аортография. Іш аортасының висцеральды тармағын эмболизациялау (сол жақ асқазан артериясы) отасын жергілікті анестезиямен Сұлтан Илиев пен Әсет Нұрғалиев жасады. Ота 1,5 сағатқа созылды.
«Ота ешбір тіліксіз жасалды. Пациенттің санындағы күретамыры арқылы арнайы катетер енгізілді. Содан соң зақымданған тамыр нығыздалып «байланды», – деп түсіндірді хирург Сұлтан Илиев. Дәрігер мұндай ауыр жағдай оның тәжірибесінде он шақты рет қана орын алғанын айтты.
Отадан кейін науқас
интервенциялық хирургия және колопроктология бөлімшесіне ауыстырылып, емдеуші дәрігер Нұрсұлтан Елеуовтің бақылауында болды.
10-күні науқас қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды.