Аневризма – қан тамырының қалыпты жағдайдан ауытқи отырып жергілікті кеңеюі

Аневризма – қан тамырының қалыпты жағдайдан ауытқи отырып жергілікті кеңеюі, әдетте бұл артерия кемшілігі, ауру не жарақат салдарынан болады. Уақыт өте келе аневризманың ішкі қысымы оның шамадан тыс үлкеюіне, кейде тіпті жарылуына әкеп соғады.
Ми тамырлары аневризмасы – ми артериясының жұқарған қабырғасының патологиялық жергілікті шығуы. Аневризманың қабырғасы жарылып, ондағы қан миға ағып кетуі мүмкін. Мұндай тамырлы апат тұрақты неврологиялық бұзылуларға, тіпті науқастың өліміне әкелуі мүмкін.
Ми аневризмасы жарақаттанбаған субарахноидальды қан кетудің негізгі себебі және бассүйекішілік қан кетудің барлық жағдайының 85%-ын құрайды.
Қалталы аневризма ең жиі кездеседі. Ол мойын немесе негіз арқылы артерияға не қан тамырларының бөлінетін жеріне бекітіледі, көбіне мидың түбінде орналасады.
Ауруды емдеу әдісі аневризманың мөлшеріне, оның түрі мен орналасуына, сондай-ақ науқастың денсаулығына байланысты.
Аневризманы емдеудің оңтайлы әдісі оны қан ағымынан хирургиялық жолмен алып тастау.
Бұл орталық жүйке жүйесі үшін жарылу қаупін және жағымсыз салдарды жояды. Ең қолайлы әдіс – эндоваскулярлық хирургия.
Осылайша, 50 жастағы науқас Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) нейрохирургия бөлімшесіне түсті, оған миының әр гемосферасында 2 үлкен қалталы аневризма диагнозы қойылды.
Нейрохирургтер Е.Жуков пен М.Аргумбаев науқасқа аневризмалардың рентгенэндоваскулярлық эмболизациясы отасын жасады.
Науқас отадан кейін 5 күн бөлімшеде жатып, содан кейін амбулаторлық емдеуге үйге шығарылды.
«Аневризманың арнайы профилактикасы жоқ. Тек қан қысымын бақылау, холестерин мен қандағы қант деңгейін реттеу, стресс факторларының әсерінен және физикалық шамадан тыс жүктемелерден аулақ болу ұсынылады. Егер жақындарыңызға мұндай диагноз қойылған болса, сізге де жүйелі түрде кешенді неврологиялық тексерулерден өтіп тұру керек», – деп атап өтті ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі К. Ли.
Ең ауыр асқыну – ішкі қан кетуге және өлімге әкелетін аневризманың жарылуы. Неғұрлым ауыр зардап – мүгедектік. Басқа ықтимал асқынуға келесілер жатады:
*ми ісінуі;
*қозғалыс және сөйлеу бұзылыстары;
*паралич;
*гидроцефалия;
*инсульт.