Наурыздың 27-сі – Нефролог күні
Барша нефролог-дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймыз!
Нефролог – бүйрек, несеп шығару жүйесі ауруларын диагностикалаумен, емдеу және алдын алумен айналысатын дәрігер. Нефрологиялық аурулар ашық көрінген белгілерсіз ақырын дамиды, нефрологқа уақытында бару – ауруды бастапқы кезеңінде анықтауға және оның дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Нефролог дәрігерлер туралы күндізгі стационар және амбулаторлық гемодиализ бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нефролог-перфузиолог дәрігері Мақұлбек Жансая Қанабекқызымен әңгімелестік.
– Нефрологияны таңдауымның себебі өзім қатты суықтап ауырып, нефрология бөлімінде бір ай жаттым, сонда нефрологтардың жұмысын көрдім, нефролог-профессорлармен сөйлестім, бұл сала мені қатты қызықтырды. Осылайша нефролог боламын деген шешімге келдім. Интернатурадан кейін нефрология бойынша резидентураға құжаттарымды тапсырдым. Еңбек жолымды ҚЖШККА-да нефролог болып бастадым.
– Қазіргі кезде біздің бөлім тәулік бойы жұмыс істейді. Шағын бөлімшемізде менімен бірге 6 адам – мен, аға медбике, 2 медбике және 2 кіші медбике еңбек етеді, – дейді Жансая Қанабекқызы.
Бүйрек ауырғанын білдіртпей, ұзақ уақыт бойы еш белгісіз үндемей ауырады. Тіпті ешқандай ауырсыну да бола бермейді. Нефролог мамандарға ештеңе ауырмаған, бірақ анализдер нашар болғанда жүгінеді.
Қазақстанда нефрологияның негізін қалаған медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан нефрологтар қауымдастығының президенті Әсия Бәкішқызы Қанатбаева деуге болады. Ол бар жұмысын Қазақстанда нефрологияның ғылым және мамандық ретінде қалыптасуы мен дамуына арнады.
– Біздің бөлімше негізінен созылмалы бүйрек ауруы (5 сатысы) және бүйректің жедел зақымдануы бар науқастарды емдейді. Әрине, кез келген басқа ауру сияқты, бүйрек ауруы да неғұрлым тезірек анықталса, соғұрлым оны емдеу де жеңіл болады. Бүйрек ауруын анализден байқауға болады, креатининнің, несепнәрдің жоғарылауы, несепте ақуыздың болуы және т.б. Сондықтан профилактика үшін жылына екі рет дәрігерге көрініп, анализ тапсырып тұру маңызды. Жарты жылда бір рет бүйрекке УДЗ жасаңыз. Егер сізде артериялық гипертензия, қант диабеті, аутоиммундық аурулар немесе басқа да созылмалы аурулар болса, сіз үшін тұрақты түрде анализ тапсырып, УДЗ-дан өтіп тұру аса қажет, – деп баса айтады Жансая Қанабекқызы.
Бүйрек сау болу үшін келесі ережелерді ұстанған жөн:
Ең алдымен, қатты тоңбауға тырысыңыз. Екіншісі – дұрыс су режимін сақтаңыз. Күніне кемінде екі литр су ішіңіз. Және тағамда мүмкіндігінше аз тұз қолданыңыз. Бұл ең басты әрі қарапайым нәрселер.
– Осы сәтті пайдалана отырып, нефролог әріптестерімді мерекемен құттықтап, ең алдымен зор денсаулық, шыдамдылық, жұмыста табыс, алға қойған мақсаттарға жетуді тілеймін, – деп түйіндейді нефролог-дәрігер.
Біз де нефролог дәрігерлерді мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тілейміз!