Наурыздың 24-і – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні
Туберкулез әлемдегі ең қауіпті инфекциялардың бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде күн сайын туберкулезден 4100-ден астам адам қайтыс болады және 28 000-ға жуық адам осы алдын алуға болатын және емделуге болатын аурумен ауырады.
2022 жылы бұл күннің ұраны «Туберкулезбен күресу үшін ресурстарды жұмылдырайық. Өмірді сақтайық!» Бұл әсіресе туберкулезді жою мақсатына қауіп төндіретін түрлі дағдарыстар – COVID-19 пандемиясы, әскери қақтығыстар және экологиялық апаттар жағдайында маңызды.
Туберкулезді ерте анықтау мен сәтті емдеудің маңызды аспектісі – халықтың туберкулез туралы жалпы хабардарлығы және жалған пікірлердің болмауы.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда туберкулезбен ауыру 2,3 есе азайған. Егер 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда 81 ауруды жұқтырған адам анықталса, 2021 жылы юұл көрсеткіш 35,9 болды.
Елімізде туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Қазақстан бюджет қаражаты есебінен туберкулезді ерте диагностикалау, емдеу және алдын алудың халықаралық стандарттарға сай заманауи әдістерін енгізген санаулы елдердің бірі. Туберкулезді ерте анықтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес және ДДСҰ ұсынған туберкулез бен дәріге төзімді туберкулездің бактериологиялық және молекулалық-генетикалық диагностикасының жеделдетілген әдістері енгізілді.
Ең бастысы: аурудың алғашқы белгілерінде дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Уақтылы анықтау және үздіксіз емдеу кезінде туберкулезді толық емдеуге болады.
Сондай-ақ, профилактикалық тексеруден өтіп тұруға, салауатты өмір салтын ұстануға тырысу керек.
Құрметпен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы