Мамырдың 23-і медицинаның маңызды саласының бірі – эндоскопист мамандардың кәсіби мерекесі.
Көптеген ауру кезінде жасалуы керек ең қажетті зерттеудің қатарына эндоскопияның диагностикалық және емдік әдістері жатады. Олар асқазан-ішек жолдарының, кеуде және құрсақ қуысы мүшелерінің (өңеш, асқазан, аш және тоқ ішек, өт жолдары, мұрын, жұтқыншақ, көмей, трахея, бронхтар) және тыныс алу жүйесінің патологиясында қолданылады. Әсіресе ішек, асқазан, өкпе, қуықтың онкологиялық ауруларын ерте кезеңінде анықтауда эндоскопияның алатын орны ерекше. Ауруды ерте кезеңде анықтау науқасқа толық емделуге жоғары мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жоғары санатты эндоскопист-дәрігер Сәбит Ысқақовтың айтуынша, күніне 10-15 науқас ҚЖШККА эндоскопист мамандарына жүгінеді, жыл сайын стационарлық және амбулаторлық жағдайда әр түрлі күрделіліктегі 2000-2500-ге жуық эндоскопиялық диагностикалық және терапевтік зерттеу жүргізіледі.
– Науқастар бізге асқазан-ішек, өкпеден қан кету, өңеш, бронхта бөгде денелер және басқа да ауыр жағдайлармен түсіп жатады. Түрлі асқынған жағдайлар болып жатады, сондықтан біз өз дағдымызды үнемі жетілдіріп, әр пациентке ең жақсы емдеуді қамтамасыз ету үшін озық технологияларды пайдаланамыз, – дейді маман.
Құрметті әріптестер, сіздің жұмысыңыз үлкен шыдамдылықты, шеберлікті және кәсібилікті талап етеді. Өміріңіз қуаныш пен мақтанышқа толы болсын, жұмысыңыздың әр күні сәттілік пен жетістіктерге толы болсын.
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы