2025 жылғы сәуірдің 17-сінде Алматыда «Ми құпиялары. Мультидисциплинарлық форум» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны «Азиялық Жүрек пен Ми Қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты – неврологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту мәселелерін пәнаралық тұрғыдан талқылау. Форумға Қазақстан, Ресей, Украина және АҚШ елдерінен 300-ге жуық маман – неврологтар, кардиологтар, психиатрлар, терапевтер мен оңалтушы дәрігерлер онлайн және офлайн түрде қатысты.

Алмаз Джувашев өз сөзінде аурухана жаңа тәсілдердің, тромболитикалық терапияның және шұғыл хирургиялық емдеудің нәтижесінде маңызды жетістікке қол жеткізілгенін айтып, жалпы өлім-жітім 13,3%-ға, ҚАЖА-дан – 29%-ға, инсульттен – 23%-ға төмендеп, 4,7%-ды құрағанын баса айтты. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен нәтиже. 2021 жылдан бастап ауруханада 200-ден астам рентгенэндоваскулярлық араласу жасалғанын, алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен ерте диагностика мен шағын инвазивті тәсілдерді енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы атынан инсультті дифференциалды диагностикалау секциясында ҚЖШККА нейроинсульттік орталығының меңгерушісі, жоғары санатты невролог, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Лаззат Аяганова баяндама жасап, Крейтцфельдт-Якоб ауруының сирек клиникалық жағдайын мысал ретінде ұсынды.

Лаззат Аяганова өз баяндамасында Алматы қаласында жұмыс істейтін бес инсульт орталығының бірі – ҚЖШККА нейроинсульт орталығының қызметін атап өтті. Орталықта 30 бейінді төсек-орын қарастырылған, 2024 жылы мұнда 1163 науқас ем алды.
