Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз
Жадагаева Гульнур Куанжановна
Жоғары санатты медбике
Еңбек өтілі – 35 жыл
Травматология бөлімшесінің аға медбикесі
– Медицинаны таңдауыма анамның ұзақ ауырғаны әсер етті. Мектепте оқып жүргенде-ақ анама өзім укол салып, система қойғым келді. Анамды өзім емдегім келді, – деп бастады әңгімесін Гулнур Куанжановна. – Мектепті бітіре сала, ауруханада бір жыл санитарка болып істеп те үлгердім. Содан Алматы мемлекеттік медициналық училищесіне түсіп, оны оқып бітірдім.
– Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында, жөндеуден кейін, 2011 жылдан бастап істеймін. Мұнда істегеніме 10 жыл болды. Травматология бөлімшесінің аға медбикесі ретінде 2016 жылдан істеймін.
– Біздің науқастар көбіне төсекке таңылып жатады, аяқ-кол сынықтарымен түседі, күйікпен түседі, өте ауыр науқастармен жұмыс істейміз. Оларға психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсету керек. Олардың күтімін қадағалап, үйлеріне өз аяқтарына тұрғызып жіберу үшін барымызды саламыз.
– Біздің травматологтардың жұмысы орасан зор. Аяқтарынан тік тұрып күніне 4-5 сағатқа дейін созылатын 8-9 отаға дейін жасайды. Отадан кейін науқастарды тұрғызып, жүргізу керек. Ол көбіне біздің міндетіміз.
– Бөлімше меңгерушісі Семенов Владимир Геральдович өз ісінің майталман маманы, адамгершілігі мол бастық. Негізі біздің бөлімше ұжымының құрамы бірінші күннен өзгерген де жоқ, ауызбіршілігі мол ұжымбыз. Пандемия бойы да бәріміз бірге жұмыс істеп келеміз. Қазір бөлімшеде 8 дәрігер-травматолог, 12 орта медициналық және 12 кіші медициналық персонал қызмет етеді.
– Жақында өткен медбикелер күніне орай біздің бөлімшенің 4 қызметкері аурухана әкімшілігі атынан түрлі марапатқа ие болды.
– Сөз соңында, әріптестерімді, травматологияға қатысы бар барлық мамандарды бүгінгі кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш – жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін.