Стационардағы қабылдау бөлімі бастапқы диагноз қою, науқас жағдайының ауырлығын анықтау және ауруханаға жатқызу қажеттігін шешу кезінде маңызды рөл атқарады. Стационарға жатқызудың негізгі көрсеткіші – білікті, мамандандырылған медициналық көмек пен жоғары технологиялық медициналық қызметтің тәулік бойы көрсетілу қажеттігі. Қысқа уақыт ішінде дәрігер науқастың белгілерін бағалап, тексеру жүргізіп, диагнозды нақтылау үшін минималды диагностикалық процедураны тағайындауы тиіс. Дұрыс диагноз қою және қысқа мерзімде сауығуға бағытталған тиімді ем – қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, науқастардың да негізгі талабы.
Қабылдау бөлімінің меңгерушісі – бірінші санатты хирург-дәрігер Омаров Бауыржан Болатұлы.
Бөлімде 140 қызметкер жұмыс істейді, соның ішінде 62 дәрігер, 53 медбике және 20 кіші мейіргер.
Бөлімнің негізгі міндеті – шұғыл көрсеткіштер бойынша ауруханаға жатқызылған науқастарға уақтылы әрі білікті медициналық көмек көрсету.
Қабылдау бөлімінің құрылымы:
- Тіркеу орны;
- Науқастарды бақылау орны;
- Триаж-жүйе бойынша медициналық сұрыптау нәтижесіне сәйкес жабдықталған мобильді функционалды каталка (кереует) бар қаралу аймақтары;
- Шұғыл хирургиялық араласуға арналған ота жасау залы;
- Манипуляциялық зал;
- Қысқа мерзімді емдеуге арналған палаталар (диагностикалық палаталар) – шұғыл медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызу көрсеткіштері мен алдын ала диагнозды анықтау үшін;
- Қарқынды терапия палатасы (палаталары);
- Зертханалық, рентгенологиялық, ультрадыбыстық және эндоскопиялық диагностика аймақтары;
- Амбулаторлық науқастарды қарау аймақтары;
- Инфекциялық ауруға күдік бар науқастарға арналған оқшаулау бөлмесі.
Қабылдау бөлімінде медициналық көмек триаж-жүйе (науқастарды медициналық немесе санитарлық сұрыптау) негізінде, олардың жағдайының ауырлығына және санитарлық-эпидемиологиялық қаупіне байланысты көрсетіледі. Триаж-жүйе бойынша медициналық сұрыптау үздіксіз және жүйелі түрде жүргізіледі. Бір науқастың бастапқы жағдайын бағалау 60 секундтан аспайды.
Триаж-жүйе бойынша науқастар 3 топқа бөлінеді:
- Бірінші топ (қызыл аймақ) – өміріне тікелей қауіп төнген немесе жағдайының нашарлау қаупі жоғары, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастар.
- Екінші топ (сары аймақ) – денсаулығына ықтимал қауіп төнген немесе ауру үдей түсіп, шұғыл медициналық көмекті қажет етуі мүмкін науқастар.
- Үшінші топ (жасыл аймақ) – өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін науқастар.
Қабылдау бөлімі – аурухананың алғашқы медициналық шараларды сапалы әрі жедел жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды құрылымдық бөлігі.