Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі (АРжҚТБ) хирургиялық, неврологиялық және терапиялық бейіндегі науқастарға тәулік бойы жоспарлы және шұғыл анестезиологиялық, реанимациялық көмек көрсетеді.
АРҚТБ қызметі:
- Хирургиялық бейіндегі бөлімшелерде жоспарлы және шұғыл анестезиологиялық көмек көрсету;
- Клиниканың барлық бөлімшесінде шұғыл консультативтік және реанимациялық көмек көрсету;
- Барлық клиникалық қызметпен және кезекші бригадалармен өзара іс-қимыл негізінде ауыр халдегі науқастарды дер кезінде анықтау және оларды бөлімшеге жатқызу;
- АРжҚТБ-ға жатқызылған өмірлік маңызды функциялары жіті бұзылған науқастарға медициналық көмек көрсету.
Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі 15 төсек-орынға жабдықталған. Бөлімше меңгерушісі – Бердалина Гульнара Садырбековна.
Күн сайын 12-ден астам ота жасау залында хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық, урологиялық және гинекологиялық оталар кезінде анестезиологиялық қамтамасыз ету жүргізіледі. Әрбір ота жасау залы заманауи халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жабдықталған.
Анестезиолог-дәрігерлер ота алдындағы тексеру негізінде периоперациялық қауіпті бағалайды, оңтайлы анестезия түрін ұсынады және ота кезінде де, отадан кейін де науқастың өмірлік маңызды функцияларын бақылап отырады.
Хирургиялық және нейрохирургиялық оталар көбіне сананы толық өшіретін жалпы анестезиямен жүргізіледі. Оның түрлері: газ тәрізді препаратты қолдану арқылы ингаляциялық анестезия; тамырішілік және аралас әдіс. Травматологиялық ота кезінде аймақтық анестезия әдісіне басым беріледі. Анестезияның қолайсыз әсерін азайту үшін жалпы және аймақтық анестезияны біріктіру тәжірибесі кеңінен қолданылады. Бөлімше жалпы анестезияға арналған барлық халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай келетін препаратты қолданады.
Клиникада екі гипербариялық оксигенация (ГБО) камерасы жұмыс істейді. Барокамераларды денсаулығында айтарлықтай кінәрат жоқ, бірақ тұрмыста немесе жұмыс орнында қауіп факторлары бар адамдардың саулығын жақсарту үшін қолдануға болады. ГБО жоғары холестерин деңгейі, артық салмақ, төмен физикалық төзімділікпен айқындалатын жүрек ишемиялық ауруының қауіп факторы бар емделушілерге ұсынылады.Мұндай жағдайды емдеу оттегі терапиясы (қанды оттегімен қанықтыру) әдісі арқылы жүзеге асырылады. Ең тиімді әдіс – оттегі барокамерасында ем қабылдау, онда оттегі жоғары қысыммен беріледі. Кәдімгі атмосфералық қысым көбіне жасушалық деңгейдегі оттегі тапшылығын толық жоя алмайды және оны қажетті мөлшерде зақымдалған ағзаларға жеткізуге қауқарсыз.