ҚЖШККА гинекологтары жатыр миомасымен ауыр жағдайда түскен әйелді аман алып қалды
Жедел жәрдем бригадасы Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) қабылдау бөліміне жыныс жолдарынан қанды бөлініс, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсынуға шағымданған 43 жастағы әйелді жеткізді.
Қабылдау бөлімінде науқасты көпбейінді топ қарады. Ауруханаға түскен кезде науқас әйелдің жатыры 13-14 апталық жүктілікке сәйкес ұлғайған (11-12 апталық жүктілікке сәйкес ұлғаю – үлкен ісік болып саналады), қан кетуге, ауыр анемияға (гемоглобин – 22 г/л), тромбоцитопенияға байланысты науқастың жалпы жағдайы ауыр болды. Науқас анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Негізі науқасқа жатыр миомасы диагнозы 2022 жылы қойылған екен.
Науқастың жасына қарамастан, жатыр миомасын хирургиялық емдеудің көрсеткіштерінің ішінде:
• жүктіліктің 12-14 аптасындағы жатырдың мөлшерінен асатын миома мөлшері;
• жатырдан қан кету салдарынан гемоглобиннің күрт төмендеуі бар.
– Жатыр миомасы кезінде гемоглобин деңгейі 60 г/л, 40 г/л дейін төмендеуі мүмкін, бұл қалыпты өмірмен нашар үйлеседі. Науқаста гемоглобин деңгейі 22 г/л, яғни өте төмен болды. Жатыр миомасы бар науқастарда гемоглобин деңгейінің түсуінің негізгі және айқын себебі – зақымдалған органнан патологиялық қан жоғалту. Сондықтан миомамен ауыратын науқастарда патогенетикалық теміртапшылығы бар анемияның емі қан кету көзін – жатырды хирургиялық алып тастау болып табылады. Осыған байланысты толық емделуге әкелетін хирургиялық емдеудің жалғыз әдісі – экстирпация, яғни жатырды алып тастау болды,- деп түсіндіреді ҚЖШККА гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Бексұлтанова.
Осылайша Алма Бексұлтанова және дәрігер гинеколог Балжан Қалдыбай Пфанненштиль бойынша лапаротомия, сол жақ қосалқыларымен жатырдың экстирпациясы отасын жасады. Операция 2 сағатқа созылды.
Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Әйел өзін жақсы сезініп, ауруханадан үйге шығарылды.
– Біздің тәжірибемізде үлкен миома жиі кездеседі. Мұндай түзілімдер бүйректің қалыпты жұмысына кедергі келтіруі, жұқпалы және қабыну ауруларының дамуына ықпал етуі мүмкін. Асқорыту жүйесінің жұмысы да бұзылуы мүмкін. Сонымен қатар, олар онкологиялық қауіп төндіруі мүмкін. Барлық әйелге патология мен ауру болмағанның өзінде кем дегенде жылына бір рет гинеколог маманға көріну керек екенін еске салғым келеді. Қайталап айтамын, гинекологқа үнемі қаралып, уақытында тексеруден өту маңызды. Өйткені әйел адам шыдамды келеді, көп аурулар туралы білмеуі және ешқандай белгіні сезбеуі де мүмкін. Ал егер сізде қандай да бір гинекологиялық ауру болса, онда міндетті түрде дәрігер ұсынған жүйелілікпен тексеріліп тұру керек. Ал егер маман ота жасауды талап етсе, созбай уақытында жасатуға мән берген жөн, – деп түйіндейді Алма Бексұлтанова.