Алматы ҚЖШККА дәрігерлері көптеген ішек фистуласымен түскен науқасты аман алып қалды
45 жастағы науқас илеостомия – отадан кейінгі құрсақ қуысындағы саңылау, іштің орта бөліміндегі ішек фистулаларына жасалған отадан кейінгі тыртықтың салдарынан болған ашық жарамен Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) хирургиялық бөлімшесіне шұғыл түрде түсті.
Пациент жара салдарынан тәулігіне 5 литрге дейін сұйық жоғалтқан, бір айда 30 кг-ға салмақ жоғалтқан, ауруханаға түскен кезде өзін өте әлсіз сезінген.
Медицинаның айтарлықтай алға қадам жасағанына қарамастан, қалыптаспаған аш ішек фистулаларын емдеу абдоминальды хирургиядағы ең күрделі мәселе болып қала береді. Көп жағдайда фистулалар жіті ішек өтімсіздігі, перитонит сияқты басқа да сырқаттары бар науқастарға жасалатын ішек резекциясына байланысты пайда болады.
ҚЖШККА-ға түскенге дейін науқасқа Алматы мен Алматы облысының түрлі ауруханаларында 7 рет ота жасалған.
ҚЖШККА тәжірибелі дәрігерлері мен медбикелерінен құралған бригада лапаротомия, адгезиолиз, ілмекаралық абсцесті ашу, илео-асцендо-анастомозымен илеостомияны жоюды іске асырып, құрсақ қуысына санация және дренаждау жасады.
– Бөлімшеге түскенде науқастың жағдайы өте ауыр болды: ішкен суы сұйық ретінде бірден жарадан қайта шығып, оған ауыртпалық түсіріп, әбден қажытқан, – дейді аурухана хирургы Нұрхат Есенбеков. – Бірінші ота 7 сағатқа созылғандықтан, бізге де қиын болды. Біз мұндай оталарды жиі болмаса да, бұған дейін де жасағанбыз. Хирургияда бұл ең қиын оталардың бірі болып саналады. Оның үстіне науқас өте әлсіз болды.
Науқастың жағдайы оңалған соң, оған екінші ота жасалды, оның аяққа тұрып кетуі қатар жүрген сырқаттары мен бұған дейінгі жүргізілген емдеу шараларына байланысты қиындау болды.
Тәжірибелі хирургтар мен анестезиолог-реаниматологтардың, орта және кіші медициналық мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында науқас аман қалды. Пациенттің қазіргі жағдайы қалпына келіп, ол үйге шығарылды. Өзін ауыр сырқаттан құтқарған аурухана қызметкерлеріне пациенттің алғысы шексіз.