Дүниежүзілік анестезиолог-реаниматолог күніне орай ауруханамыздың анестезиология, реанимация және қарқынды емдеу бөлімшесінің тәуелсіздікпен құрдас енді бір маманы мейіргер Төрегелдиев Фархат Жумаханулымен таныса отырайық.
Фархат Төрегелдиев Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында аурухана күрделі жөндеуден кейін ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді.
– Жан сақтау бөлімінде үзбей еңбек етіп жатқаныма, міне, 10 жыл болды, – деп бастады Фархат Жумаханулы. – Сол 2011 жылдан бері бөлімшеміздің аға мейірбикесі Бахыткул Енгебаевнамен бірге істеп келемін. Осы кісінің арқасында бір қалыпты ұжым болып, бір жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысқа жаңадан кіргеннен бастап, білгенінің бәрін түсіндіріп, үйретіп, маман болып қалыптастырған Бахыткул Енгебаевнаға зор алғысымды білдіргім келеді. Биыл аурухана бас дәрігері Алмаз Болатұлы ауруханаға сіңген 10 жылдық еңбегімді елеп, белсенді де жемісті қызмет үшін «Құрмет ордені» медалімен марапаттаған болатын. Бұл мен үшін зор мақтаныш.
– Ал тәуелсіздікпен құрдас болу мен үшін өз алдына бір үлкен құрмет. Сондықтан еліміздің дамуы және өркендеуіне өз үлесімізді қосу мен үшін маңызды. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Тәуелсіздіктің тұғырлы, берік болуы – елдегі әрбір адамға байланысты. Біз ел үшін жұмыс істеуге, еліміздің болашағы үшін, одан әрі даму үшін бар ынтамызды салуға тырысамыз.
– Өз басым осы ауруханада жұмыс істегеніме қуаныштымын. Ұжымымыз өте жақсы. Сөз соңында мен де әріптестерімді құттықтап өтсем деймін.
– Құрметті әріптестер, кәсіби мереке құтты болсын! Әрбір отбасында қуаныш, той-думан орын ала берсін, жұмыста табысты болыңыздар. Басымыз бір болып, бір-бірімізге деген сыйластық, сый-құрметіміз арта берсін!
#ЖШККА #жасмамандар #ТәуелсіздікҚұрдастары #анестезиолог #реаниматолог